Шымкентте «Таза қала» акциясы аяқталуға жақын

Аймақ
22.09.2015, 14:09

Биыл Шымкентте үшінші рет ұйымдастырылып отырған акцияның қорытындысы Қала күні қарсаңында белгілі болмақ. Акцияның мақсаты – Шымкент қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға шақыру, көшелерді, көпқабатты үйлердің ауласын гүлдендіру болатын. Маусым айында басталған акцияға тұрғындар белсене қатысып, бақ сынауда. «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері Еңбекші, Қаратау, Абай аудандарынан «Үздік аула» мен «Үздік көше» аталымдары бойынша ұсынылған аулалар мен көшелерді аралап шықты.

Еңбекші ауданына қарасты Түркістан көшесіне ат басын бұрған комиссия мүшелері мұндағы көшелердің мұнтаздай тазалығына көз жеткізді.  №202 үйдің тұрғыны Зухра Қасымова өз үйінің ауласын ғана емес, көршілеріне  де көше бойына тал-дарақ, түрлі гүлдер егіп, күтіп-баптауға бастамашы болып жүр.

– Жиырма жылдан бері гүл өсірумен айналысамын. Тазалықты әрбір үй өзінің ауласынан, көшесінен бастау керек. Айналамыз қызылды-жасылды гүлдерге көмкеріліп тұрғаны жақсы емес пе? Ары-бері өткен адамдарға қуаныш сыйлайды. Үлгі алып, олар да көршілерін осындай бастамаға шақыруы мүмкін. Айналып келгенде шаһарымыздың гүлденуі мен тазалығы әрбір тұрғынға байланысты, – дейді ол.

Мұнан соң Ақсу көшесіне бет алдық.  Мұнда №53 үй тұрғыны Ілияс Тойшиев қарсы алып, гүл баптауды біраз жылдан бері ермек ететінін жеткізді. Ұйымшыл көршілер жиі сенбілік ұйымдастырып, көше тазалығына ерекше мән береді екен.

shaxar guldenui 38 1

Көшесі көрікті, ауласы ажарлы

Ал Ильяев көшесі, №115 үй тұрғындары аулаларын абаттандырғаннан бөлек, үй маңына қолдан кішкентай көлшік жасап, онда балық өсіріп жатыр. Сондай-ақ, сарайларының қас бетіне қазақтың жайлауының суретін салып,  ұлттық ою-өрнекпен безендірген.

– Бұл екіқабатты тұрғын үйде 12 отбасы тұрады. Бір-біріне қамқор, жанашыр. Қазақ елінде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқасын бірауыздан сарайға қазақтың келбетін насихаттайтын сурет саламыз деп шештік. Ал кешкісін мына орындықтарда отырып, жүзіп жүрген балықтардың тіршілігіне қарап, мазалаған сан ойлардан арыласың, – дейді үй төрайымы Элина Романова.

Т. Рысқұлов көшесіндегі №7 үйдің ауласы да тап-тұйнақтай жинақылығымен, сан түрлі ертегі кейіпкерлерімен көзге түсті. Зейнеткер Валентина Казахова көршілерін ұйымдастырып, аулаға күтім жасап, балалар алаңқайын безендіруден жалыққан емес. Сондай-ақ, «Теріскей» шағынауданындағы №50 үйдің ауласына енсеңіз де ертегілер әлеміне топ ете түсесіз. Мұндағы тұрғындар автокөліктердің жарамсыз дөңгелектері мен сусындардың ыдыстарын кәдеге жаратып, түрлі ойыншықтар жасап, ауланы сәндеп қойыпты. Үй төрайымы Ғалия Артықбаеваның еңбегіне тәнті көршілер. Олар былтыр «Үздік аула» номинациясының жеңімпазы атанған. Биыл да бақ сынап жатыр. Комиссия мүшелері ауланы сәндеуден бұрын гүл егіп, айналаны көгалдандыруға көптеп көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

Дерек көзі: shymkala.kz

Сұхбат

PhotoRoom