Оңтүстіктің кіл қаймақтары Атырауда өнер көрсетпек

Аймақ
22.09.2015, 22:28

Қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан облысының Атырау облысындағы мәдениет күндері өтеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мұнайлы өлкеде оңтүстікқазақстандық екі жүзге жуық өнер майталмандары 23-25 қыркүйек күндері өнер көрсетеді. Онда біздің жерлестеріміз ән мен жырдан шашу шашып, өңіріміздің мәдениетін баршаға паш етпек. «Қазыналы Оңтүстік» атты мәдениет күндерінде шуақты өлкеміздің «Ұлы дала өсиеті» кітаптары мен «Қолөнер шеберлерінің» бұйымдары Атырау облысына естелік ретінде табыс етіледі.

Оңтүстік Қазақстан облысы - мәдениеттiң биiк шоқтығын жоғалтпай ұстап тұрған, мәдени құндылықтары көп шоғырланған  аймақ. Сонымен қатар, бұл өңір меймандостығымен, салт-дәстүрті берік ұстап, ата-бабамыздың жолын жалғастырып жүргендігімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді.

Атыраудағы мәдениет күндері «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме-экспозициясымен бастау алады. Салтанатты шара аясында Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт, баспасөз-конференциясы, «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» концерті және «Сылаң қыз» комедиясы қойылады. Содан кейін көрермендерге ақындар айтысын ұсынады.

Оңтүстік өлкесінің рухани дүниесін паш ететін салтанатты шара  өңірлердің арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі дамуына серпін берері сөзсіз.

 

Сұхбат

PhotoRoom