Шымкенттіктер шағым түсіре беретін көпірді қала әкімі өз көріп қайтты

Аймақ
22.09.2015, 22:47

Тіршілігі қайнаған үлкен мегаполистерде жерүсті және жерасты өткелдерінің тиімділігі орасан зор. Себебі, өткелдер арқылы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, тиісінше жол қозғалысы реттеліп отырады. Сондай жерүсті өткелінің бірі биыл Шымкенттегі 18 шағын ауданда пайдалануға берілген болатын, деп хабарлайды Bnews.kz.

Алайда, осы өткелге қатысты тұрғындар тарапынан қала әкімдігіне сын-ескертпелер келіп түскен. Шағымданушы тұрғындар әсіресе жерүсті өткелінің қариялар мен арбаға таңылған мүгедектерге қиындық тудырып отырғанын алға тартқан. Осы орайда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған нысанға барып, жағдаймен танысты.

Нәтижесінде нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания енді бұл өткелге мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар үшін арнайы көтергіш қондырғылар орнатпақ. Сондай-ақ тұрғындар үшін өткелдің баспалдақтары мен айналасына резеңке төсеніштер қойылады. Бұл төсеніштің артықшылығы, қыс мезгілінде қарды тез ерітіп, тұрғындардың жарақаттануынан сақтайды.

Шаһар басшысы осы сапарында орын алған олқылықтар бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар беріп, кемшіліктерді тезірек түзеу керектігін айтты.

«Өткелдің бәрі де қала тұрғындарына, ең алдымен мүгедектерге, қарияларға және аналар мен жас балаларға қолайлы етіп жасалуы қажет. Неге бізге әлемдік стандартқа сай болмасқа? Керек десеңіздер, біздің қаламыз әйгілі Лас-Вегастан да асып түсетін әдемі шаһар болуы керек. Қызмет сапасы жоғары дамыған қалада өмір сүруге шымкенттіктер де әбден лайықты», – дейді Ғ.Әбдірахымов.

Дерек көзі: bnews.kz

 

Сұхбат

PhotoRoom