Ұлыстарды ұйыстырған ұя

Аймақ
23.09.2015, 09:01

Облысымызда тірлігінде тілін ардақтаған, мәде­ние­тінің мәйегін түсінген 717 мың өзге этнос өкілдері бар. Мемлекеттік тілді меңгеріп, отбасы, ошақ қасында оны көзінің қарашығындай сақтаған жұрттың жұтамай, көсегесі көгеріп келе жатқаны - мызғымас бірліктің арқасы. Қазақстан Республикасының тілдері күні мерекесінде тілегі бір жандар ұлыстарды ұйыстырған мемлекеттік тіл – қазақ тілін дәріптеді.

Ұлттық тіл мәселесі айтылғанда қазақтың қаймығар жайы жоқ. Қаншама қысаң кезеңдер қыспаққа алып, желкеден түйгенмен, ұлт тілінің өрісін кеңейтіп келе жатқан ұлыстар баршылық. Келелі басқосуда өзге ұлттың өкілдері тіліміздің тіліп түсер темірдей тегеурінін, сөзіміздің саф алтындай тазалығын айтты.

Татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Ирикова ономастика саласында атқарылған жұмыстарды да сөз етті. Бұл салада көп іс икемге келгенімен, шешімін күткен өзекті мәселелер де жетерлік. Мәселен, облыстағы 879 елдімекеннің 93-не кісі аты берілген. 9929 көше де көрнекі тұлғалардың есімімен көркем. Олардың арасында кейбір атаулар 2-3 реттен қайталанса, енді біреулері елге еңбегі сіңбеген тұлғалар. Ең сорақысы, кейбір көшелердің атауларына тірі жүрген адамдардың да аты берілген.

Келесі күні іс-шара «Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты интеллектуалды сайыспен жалғасты. Оған Шымкенттегі Батырбек Өтеп атындағы өнер мектебі мен балалар көркемсурет мектебінің оқушыларынан құралған 2 топ қатысты. Сайыс  «Ойлан, тап», «Зейінділік», «Үй тапсырмасы», «Тапқырлық», «Ұшқыр ой, Жылдам жауап» атты 5 кезеңнен тұрды. Қай команданы алып қарасаңыз да үлкен дайындықпен келген.

Бекжан Базарбек - Батырбек Өтеп атындағы өнер мектебінің 8-сынып оқушысы.  Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп отырған ұл оқуда озат. Әдебиетке жаны құмар ол бүгінгі жарыста кез-келген сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тіпті, дәл осы жерде ана тілі – қазақ тіліне арнап, өлең де шығарды.

Осылайша оқушылар арасындағы пікірсайыс қызықты, әрі тартысты өтті. Нәтижесінде 2 команда да тең түсіп, арнайы дипломдармен марапатталды. Бағалы сыйлықтар да табыс етілді.

Дерек көзі: shymkenttv.kz

Сұхбат

PhotoRoom