Төлеби ауданындағы Леңгір қалалық ауруханасы науқастарды соңғы технологиямен емдейді деп хабарлайды otyrar.kz. Емханаға оттегі автоматы орнатылып, әр бөлмеге арнайы жүйе жүргізілген. Өңірде ғана емес, республикада кездесе бермейтін бұл құрылығы бүкіл ауруханаға оттегіні қажетінше жіберіп отырады екен.
Аурухананың пайдаланылатын аумағы 10 мың шаршы метрге жуық. Арнайы ыдыстарға сырттан ауа сорылып, жиналған ауа автоматты түрде ауруханаға жіберіледі.
Жандар Нышанов, Ленгер қалалық ауруханасының бас дәрігері:» Кислородтың автоматты түрде берілуі науқастардың емделу процесіне оңтайлы әсер етеді. Ал ауыр халде келіп түскен науқастарға мұрыны арқылы береміз. Барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Тек мониторды қадағалап отыруды қажет етеді».
Ауруханадағы әрбір палатаға оттегі арнайы жүйе бойынша беріледі. Дәрігерлер бұл тек науқастарға ғана емес, сондай-ақ операция кезінде жұмыс жасауға өте ыңғайлы дейді.
Науқастарды көптеген сала бойынша қарайтын ауруханада 7 бөлімше бар. Сондай-ақ соңғы жылдары бала өлімі екі есеге азайып, ана өлімі тіркелмеген көрінеді. Дәрігерлер бұл білікті мамандар мен жаңа технологиялардың нәтижесі екенін айтуда.
Дерек көзі: otyrar.kz