Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы өзбек мәдени орталығына 25 жыл толыпты. Осыған орай 26 қыркүйек күні Шымкент қаласындағы Абай саябағында мерейтойға арналған салтанатты шара өтеді деп хабарлайды облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Облыстық өзбек этномәдени орталығы 1992 жылы құрылған. Қазіргі таңда өңірімізде 1 облыстық өзбек этномәдени бірлестігі және қала мен аудандарда оның он үш филиалы жұмыс істейді. Облыста 19 таза өзбек тіліндегі, 119 аралас мектеп білім беруде. Осыған қоса өзбек тілінде 1 облыстық, 3 аудандық және бірқатар тәуелсіз газеттер жарық көреді. Бұдан бөлек, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Юртимиз жамоли» бағдарламасы да көрсетілуде. Сонымен қатар, өңірімізде өзбек драма театры әлі күнге дейін жұмысын тоқтатапаған. Өзбек этносының өкілдері өңіріміздегі барлық салаларда аянбай еңбек етіп, тер төгіп экономикамыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Облыста «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Офарин», «Лапар» конкурстары, «Достық дастарханы» фестивалін өткізуді де дәстүрге айналдырып үлгеріпті.
Мерекелік шараның қонақтары Абай ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, өзбек ұлттық қолөнер заттары мен тағамдар көрмесін, ұлттық салт-дәстүрлер көріністерін тамашалай алады. Салтанатты іс шара соңы мерекелік концертке ұласпақ.