Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары мақта алқаптарындағы «ақ алтынның» отыз екі пайызын жинап алыпты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады .
Терім науқаны басталған уақыттан бері сексен төрт мың бес жүз тонна мақта терген шаруалар маусым соңына дейін бұл көрсеткішті, жоспарға сәйкес, екі жүз алпыс бес мың тоннаға жеткіземіз деп құлшынып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, «ақ алтын», негізінен, Мақтарал мен Шардара аудандарында ғана жиналып жатыр. Ал қалған Отырар, Түркістан және Ордабасы аудандарында терім науқаны енді ғана қыза бастаған сияқты.
Мақтаның сатып алу бағасы да жылдан жылға өсіп жатыр, бұл да болса шаруаларымыз үшін жақсы жаңалықтардың бірі. Мысалға айта кетсек қазір мақтаның бағасы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артып, 100-105 теңгеге дейін жетіп үлгерген екен. "Ақ алтынның" қымбат бағада саудаланып жатқаны да мақтаралдық шаруаларды бір қуантып, дән разы қылды.
Айта өткен жөн, оңтүстік өңірімізде 99,3 мың гектар жерге шитті мақта егіп қойған. Шаруалар мақта алқабының әр гектарынан 26,7 центнерден өнім аламыз деп отыр.