Шымкентте «Тозақ шеңбері» пьесасының тұсауы кесілді  

Аймақ
30.09.2015, 21:44

Бүгін, 30 қыркүйек Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстанда алғаш рет сахналанған «Тозақ шеңбері» пьесасының премьерасына қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жаңадан бой көтерген өнер шаңырағына алғаш рет келіп отырған аймақ басшысы таяуда ғана академиялық статусқа ие болған театр ұжымына шағын микроавтобус сыйлап, өнер майталмандарына шығармашылық табыс тіледі. Алматыдағы қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов театрының батылы жетпеген бұл қойылым алғаш рет Шымкент қаласы сахнасында тұсауы кесілді. Пьесаның премьерасына автордың тікелей өзі қатысты. «Тозақ шеңбері» қойылымының авторы – танымал жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қоғам қайраткері Сәбит Досанов.

Оңтүстікқазақстандықтарға ұсынылған қойылым – қатерлі желтоқсан оқиғасын әлемдік қақтығыстармен салыстыра отырып, психологиялық терең мағынада талданған шығарма болып табылады. Шарада облыс басшысы С.Досановтың шығармашылығындағы жетістіктерін айтып өтіп, драматургке сый-сияпат жасады.

Айта өткен жөн, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Қазақстанда облыстық театрлар арасынан академиялық деген жоғары статусты иеленген алғашқы және де жалғыз өнер ордасы.

 

Сұхбат

PhotoRoom