Кеше, 30 қыркүйек, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың қырық екінші сессиясына қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сессияда «Облыстағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жағдайы туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселені зерттеген депутаттық комиссияның жұмыс нәтижелері туралы тұрақты комиссияның төрағасы, депутат Ө.Мелдеханов баяндама жасады. Сессияда мәселелерді талқылау барысында облыстық мәслихат депутаттары А.Раманқұл, Д.Әбіш, Қ.Сапарбаев өз тілектері мен ұсыныстарын айтты. Жиында сөз алған облыс басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары мен оны шешу жолдарын айтты. Халық қалаулылары мәселені талқылай келе, облыс жолдарындағы жағдайды жақсарту жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен қатар, облыс әкімінің ұсынысы негізінде, депутаттар облыс әкімдігі жанындағы дербес құрамға облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.А.Сатыбалдыны енгізуге келісім берді. Сессияда Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан мемлекеттік заңды тұлғаларға атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныс енгізу туралы облыс әкімдігімен бірлескен шешім қабылданды. Аймақ басшысы мәслихаттың сессиясында көтерілген мәселелерді жіті тыңдап, алдағы уақытта қаланың қәуіпсіздігіне, елді мекендер арасындағы жолдардың жағдайына, өңірдегі жүргізіліп жатқан құрылыстың сапасына баса назар аударатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, ауыл жастарына жұмыс көздерін ашу жайын да айтты. Облыс әкімі Б.Атамқұлов және мәслихат хатшысы Қ.Ержан елге еңбегі сіңген бірнеше азаматқа «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалі мен облыстық Құрмет Грамотасын табыстады. Бесінші шақырылған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясына төраға болып депутат Нұралы Алмаханұлы Абишов сайланды.