«Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған ең үлкен мотошеру Шымкентке табан тіреді. Жиналған жас велошабандоздар мен шымкенттік жастар бірнеше байкерден құралған қонақтарды Наурыз алаңында күтіп алды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Алматы қаласынан бастау алған сапар Қазақстанның барлық қалаларында жалғасқан.Мотошерушілер 29 тамызда Алматы қаласынан шыққан. Шеру шамамен 45 күнге созылып, Тараз қаласында аяқталады.
Жамбыл облысында мотошеруге қатысушыларды Жамбыл облысының Жуалы ауданы мен Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасында күтіп алады. Мотошеруді бастап келе жатқан Дмитрий Петрухиннің айтуынша, байкерлер осылай ел тарихындағы елеулі оқиғаның жоғары дәрежеде аталып өтілуіне өз үлестерін қоспақ.
Мотошеруден басқа байкерлер қаланың орталық көшесінде өтетін «Біз - Ұлы дала ұрпақтарымыз!» жастар акциясына қатысады. Сондай-ақ «Еуразия барысы» ұлттық қазақ күресі бойынша халықаралық турнирді, түрлі спорттық сайыстарды тамашалайды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту биыл еліміздің бүкіл аймақтарында өтіп жатыр. 550 жыл бұрын Жамбыл облысындағы Талас және Шу өзендерінің арасында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалаған жерде маңызды шаралар болып өтеді. Олардың арасында театрландырылған көрініс, «Мәңгілік Ел» атты республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының тұсаукесері, «Тараз - ғасырлар куәсі» көрмесі, ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылатын қазақша күрес бойынша «Еуразия барысы» халықаралық жарысы бар. Бұдан басқа, Таразда «Ежелгі Тараз» жобасы іске асырылуда, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ескерткіші ашылады және қытайлық Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолы бағдарымен келе жатқан керуен экспедициясының қатысушыларымен кездесу болып өтеді.
Дерек көзі: inform.kz