Қызылордада «Орта тапты қалыптастыру: қазіргі жағдайы мен мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға халықаралық және отандық белгілі сарапшылар, экономистер, ғалымдар қатысты.
Елбасы Н.Назарбаев айтқандай «Орта тап қазақстандық ұлттың негізі, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың қайнар көзі ретінде қарастырылуы тиіс» деген болатын. Бұл – заң үстемдігіне барынша мүдделі және мемлекеттің халық пен елдегі тұрақтылыққа есептілігінің қозғаушы күші. Сондықтан нақ кең көлемді орта тап ұлттық біртектілікті қалыптастырудың өзегі болып табылады» деген болатын. Осы қоғам санатын қалыптастыру Қызылорда облысы үшін басты міндеттердің бірі болып табылады. Оған дәлел орта класты қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылайтын бүгінгі дөңгелек үстелдің ұйымдастырылуы.
Жиынды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстанда мемлекет тарапынан бизнеске жақсы қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Қазірде бизнеске тұрақты әрі қолайлы жағдай жасалып, жеңілдетілген салық жүйесі, серіктестікті қолдау, субсидияландыру және жеңілдікпен несиелендіру сияқты мемлекеттік қолдау шаралары қолданылып келеді. Дегенмен, бұл қолдау шаралары қалыптасып болған бизнеске арналған. Ал республикамыздың тұрғындарының үштен бір бөлігі өз бетімен жұмыспен қамтылғандар санатын құрайды. Сондықтан оларды кәсіпкерлік қауымдастығын толықтыру көзі ретінде қарастырған жөн. Аймақ басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру әрі халықты тиімді жұмыспен қамту шараларын бірлесе анықтауға шақырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар орта класты қалыптастырудағы мемлекеттің рөлі және орта класс өкілдерін анықтау, Ресей және Польша елдерінің шағын бизнесті дамыту тәжірибесін, болашақ кәсіпкерлерді оқыту, Қызылорда облысында жас кәсіпкерлерді қолдау және агробизнесті дамытуға арналған баяндамалар жасалды.
Макроэкономикалық және тәжірибелік экономика және математикалық зерттеулер орталығының директоры Сара Алпысбаева Қазақстанда орта тап өкілдерін анықтау бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерін баяндап берді. Зерттеу жүргізу барысында екі негізгі көрсеткіш қолданылды. Олар: материалдық жағдайы мен білімділік. Оның ішінде дипломнан бөлек жалпы мәдіниеті болу. Сара Алпысбаеваның айтуынша, орта тап өкілдері жалпы халық санының 30 пайызға жуығын құрайды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов қазақстандықтардың кәсіпкерлік бастамаларын ынталандыру жолдарын талдап өтті. Оның айтуынша, өз бетімен жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың негізгі бөлігі сауда саласында немесе шаруа қожалықтарында шоғырланған. Жалпы орташа тапты дамыту үшін әлі біраз жұмыс жасау қажет, деді Д.Арғандықов.
Кәсіпкерлік дамыту Еуразиялық экономикалық одақ аясында да негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. ЕАЭО жағдайында жаңа мүмкіндіктер мен кәсіпкерлеге арналған кепілдіктерді ЕАЭК Кәсіпкерлік дамыту департаментінің бөлім басшысы Валерий Захаров баяндап берді. Қызылорда облысының ЕАЭО аясында орта және шағын бизнесті дамытудың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
Қазақстанда шағын бизнесті қолдау шаралары туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтып берді. Оның сөзінше, Қазақстан бизнесінің қомақты үлесін (900 мың белсенді кәсіпкерлік субъектілері ішінде 850 мыңнан астамы) шағын және микрибизнеске тиесілі. Жалпы Қазақстанда бизнес климат қолайлы, дегенмен шағын несиелеу құралдарын тағы да жетілдіру қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар, орта тапты дамыту маңыздылығын атап өтіп, бірлесе жұмыс жасауға дайындығын білдірді. Жиын соңында аймақ басшысы Қ.Көшербаев орта тап мәселелері бойынша дөңгелек үстелді жыл сайын өткізуді ұсынды және қатысушылардың барлық ұсыныстары болашақта ескерілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысының бастамасымен облыс әкімдігінің интернет-ресурсында әлеуметтік-эконмикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша онлайн қолдау форумы ұйымдастырылады. Дөңгелек үстел материалдары ЕАЭО барлық елдерінде таратылатын «Қаржы-финанс» журналында жарияланатын болады.