Биыл Төлеби ауданындағы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметі №2041 әскери бөлімінің құрылғанына 8 жыл. Айшықты күнге байланысты аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт болып өтті.
Олар қазаққа қамал шекараның беріктігін ойлап, кірпік қақпай күзетеді. Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, іргенің бүтіндігін атқан таң, батқан күнге қарап қана тілемейді. Әр секундта тілегіне қосады. Әйтпесе, қарашықтан қағыс қалған қас қағым сәттің өзі елге үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мерейтой иелерін құттықтап ауданның бар билігі келді.
Сейіт Бекмұрзаев, Төлеби аудандық әкімдігінің аппарат басшысы:
- Еліміздің тыныштығы, болашағы осы офицерлер, сарбаздар, сіздердің арқаларыңызда. Біз сіздермен мақтанамыз. Әр отбасы түнде тыныш ұйықтап, күндіз жұмысқа барып жатқандарымыздың барлығы сіздердің арқаларыңыз!
Әсем ән мен мың бұралған бишілер Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген сарбаздардың көңілін бір серпілтті.
Виталий Зилонов, №2041 әскери бөлімінің штаб бастығы:
- Қуанышымызды бөлісіп келгендерге алғысымыз шексіз. Бекетте әбден қырағы, ширақ отырып үйренгенбіз. Концерттік бағдарламадағы әрбір нөмір сол себептен де қызық, таңсық болып көрінуде. Елде мерекелік көңіл-күй болатындай тыныштық салтанат құра берсін!
Мерейтой құрметіне орай аудан басшылығы еселі еңбегімен дараланған үздік әскери қызметкерлерге алғыс жариялап, ел алдында әспеттеп марапаттады. Бойдан қуат, көңілден шуақ кетпеуін тіледі.
Дерек көзі: Қазақстан - Шымкент телеарнасы