«Ұлы дала елі» экспедициясы Созаққа келіп жетті

Аймақ
07.10.2015, 13:07

Қазақтың қатпарлы тарихын түгендеу. Осындай игі мақсатта жасақталған «Ұлы дала елі» Республикалық тарихи-мәдени экспедициясы сырлы Созаққа табан тіреді.Тамыры тереңнен тартатын теріскейдің тыныс-тіршілігі Қазақ хандығының құрылуымен тікелей байланысты. 

Салтанатты көш  мүшелері шараның бісмілләсін талай жыл Қазақ хандығының астанасы болған Түркістаннан бастаған.  Онан соң,  үш жүздің басы қосылған Ордабасыдан, әрі Бәйдібек ауданына барды. Керей мен Жәнібек  хандар 1465 жылы нақ осы өлкеде қазақ хандығының негізін қалағаны - Қазақ тарихында Созақтың ойып тұрып  орын алуына сеп. Тарихи сәтті ел жадына еріксіз оралтатын Керей мен Жәнібек монументі. Мәртебелі меймандар  алдымен тура осы жерде тарихи қойылымнан тағылым алды.

Бір сәт тарихқа терең бойлаған экспидиция ата-баба рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. «Теңдесіз сый» атты акция да шараның көркін ашты. Облыс әкімдігі атынан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып шығарылған «Ұлы дала өсиеті» және   «Қазыналы оңтүстік» атты құнды туындылар Созақтың   кітапханасына сыйға тартылды.

Қазақ хандығын 42 жыл басқарған  Ақназар хан мен   ХIV ғасырда тұрғызылған  Қарабура әулиенің  кесенелері сырлы Созақ  өңірінде. Қасиетті мекенге зиярат ете келген зиялы қауым өкілдері мен делегация мүшелері  тағылымды шараны тура осы жерде түйіндеді. Биылғыдай мерейлі жылдан естелік болмақ үшін ел ағалары күнгей өңірдің қасиет дарып, құт қонған мекендерін моншақтай тізіп, арнайы филім түсіруді жоспарлады. Ал, Оңтүстіктің  Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арнаған өрелі істерін Тараз қаласында  өтетін торқалы  тойда тарқатып айтпақ.

Дерек көзі:   Қазақстан-Шымкент телеарнасы

Сұхбат

PhotoRoom