Өңірімізде «Фермер жолсерігі» кітабы шаруаларға жол тартты

Аймақ
08.10.2015, 11:48

7 қазан күні облыстық орталық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Кәсіпкерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Фермер жолсерігі» атты технологиялар жиынтығы кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кәсіпкерлік мектебінің директоры Береке Дүйсебековтың мәлімдеуінше,  бұл кітап өңірдің климаттық жағдайына бейімделіп, қарапайым шаруаның тілінде жазылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының әр саласына тоқталған  оқу құралы шаруалардың кәсіби білімі мен озық технологияларды меңгеріп, шаруашылықта іске асыруына септігін тигізері анық.

«Ауыл шаруашылығына бейім аймақта шыққан бұл кітап негізгі  7 бөлімнен - табиғи климаттық ерекшеліктері, егіншілік жүйесі, мал азығын өндіру және дайындау, мал шаруашылығы мен құс, ара шаруашылықтары және ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес жоба үлгілерінен  тұрады. Шаруаларға қажетті ауыл шаруашылығы салаларының барлық өзекті тақырыптары қамтылған бұл кітапқа ғалымдар мен ғылыми-зерттеу инситутының ғалымдары атсалысты», − деді облыстық кәсіпкерлік мектебінің салалық бизнес-тренері, кітаптың редакторы Нұрлыбек Боранбаев.

Баспасөз мәслихатында сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов аталған салаға соңғы жылдары мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі артып, өңірде жаңа инновациялық технологиялардың шаруашылықта  пайдаланылып жатқандығын жеткізді. Соның нәтижесінде, облыстағы тауар өндірушілердің өнім көлемі артып келеді.

Өндіріс пен ғылымды және бизнесті ұштастырып отырған оқу құралы кәсіпкерлік мектебінің әрбір тыңдаушысына тегін таратылатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom