Кеше, 8 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Шымкенттегі «Көрме орталығында» «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар» - MACHTEX 2015 І Қазақстандық Халықаралық көрмесі мен Форумы өтуде. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Халықаралық көрмеде қазақстандық тауарөндірушілерден бөлек, Корея, Польша, Ресей, Украина және Түркияның кәсіпорындары отандық жеңіл өнеркәсіптің қажеттілігіне арналған жабдықтар мен өнімдерін, сондай-ақ қызметтерін ұсынса, форумда елдегі жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру жолдары мен оны дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқылануда.
Шараға ҚР жеңіл өнеркәсіп өндірушілер одағының төрайымы Сәуле Шәуенова, ҚР «Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы Евгений Больгерт, «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Бектұргенов пен жергілікті және шетелдік тауарөндірушілер қатысуда.
Форумда алдағы бес жылдықта елдегі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жолдары мен оған тартылатын инвесторлар туралы айтылса, өңірдегі дайын өнімді шетелге экспорттаудың қыр-сырлары талқыланды. Жиында, әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда мақта – тоқыма кластерін дамытудың түрлі жолдарына ерекше назар аударды. «Жеңіл өнеркәсіпті дамытуды қолдаудың мемлекеттік механизмдері» тақырыбында өткен форумда киімнің қазақстандық брендтерін қалыптастырып, оны жеткізушілерден мемлекеттік тапсырыспен алу жүйесін құрудың жай-жапсары сөз болды.
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбековтың айтуынша, өңірдегі жеңіл өнеркәсіпті дамыту саласында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Жыл басынан бері аймақта аталған сала бойынша 15,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Оның ішінде тоқыма өндірісінің өнім көлемі 12,4 миллиард теңгені құрайды. Демек, бүгінгі өткізіліп жатқан халықаралық көрме мен форумда отандық және шетелдік кәсіпкерлер тоқыма саласында әріптестік орнатып, жеңіл өнеркәсіптің одан әрі дамуына жол ашады деген сенім бар.
Екі күндік іс-шарада «NADLoC жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» кәсіпкерлер үшін семинар ұйымдастырып, «Қазақстанда жасалған – Сделано в Казахстане» атты бірыңғай логотиптің таныстыру рәсімін жасамақ. Сондай-ақ, қазақстандық дизайнерлердің қолынан шыққан әйелдер мен ерлердің және балалар киімдерінің көрсетілімін өткізу жоспарланып отыр.