Көшербаев шыны зауытының құрылысымен танысты

Аймақ
09.10.2015, 18:54

Қызылордада биыл көктемде қазығы қағылған шыны зауытының құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде. Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Қазірдің өзінде өндіріс орнына қажетті дайын өнімдер қоймасы іргетасының 95 пайыз жұмысы аяқталды. Сондай-ақ ғимараттың жоғарғы құрылысын салу басталып, ол үшін колонналар (темір құрастырмалар) орнатылуда. Қазан айының соңына дейін барлығы 200 колонна  орнатылатын болады. Ал қыстың күндері ішкі  жұмыстары, яғни, вентиляция, металл құрылғысын монтаждау жұмыстары жасалады. Зауыт қоймасы салынып біткен соң мұнда темір жол тұйығын салу жұмыстары басталмақ.

ACD_9726

«Қазір құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы және 20 техника жұмылдырылып отыр. Барлығы кесте бойынша жүруде. Құрылыс заттарының басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшыларға да бар жағдай жасалған. Зауыт толық іске қосылғанда тұрақты 350-400 жаңа жұмыс орны ашылмақ», - дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаев.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құрылыстың сапасына аса мән беруді және жоспарға сәйкес уақытылы жүргізіліп отыруын тапсырды. Айта кетейік, шыны зауыттың құрылысы Қызылорда қаласы, Титов мөлтек ауданында орналасқан индустриалдық аймақта жүргізіліп жатыр. Аталмыш аймақта болашақта ферроқорытпа зауытын салу да жоспарда.

Ал, шыны зауыты іске қосылған кезде күніне 600 тонна (жылына 197 100 тонна) шыны табақшасын өндіруге қуатты. Шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы жергілікті жерден алынатын болады. Бұл мега жобаның жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайды. Естеріңізге сала кетейік, қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен Қазақстан инвестиция қоры инвестор ретінде қаржыландырмақ.

Сұхбат

PhotoRoom