Оңтүстік Қазақстан облысында қызылшаға қарсы екпе жұмыстары жүріп өтті. Қызылшаны алдын алу негізінде жүргізілген жұмыстарға халықаралық сарапшының көңілі толып, оң бағасын берді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7-10 қазан күндері аралығында 15-19 жастағы азаматтарға екпе науқаны өткен еді.Осы іс шараға тәжірибелік және де ұйымдастырушылық көмек көрсету мақсатында БҰҰ/ЮНИСЕФ балалар қорының халықаралық сарапшысы Андрей Тулисов тікелей өзі келген болатын. Сондай-ақ ол орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында өткен брифингте екпе жұмыстарының халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлімдеме берді.
«Бұл екпеге облыс бойынша барлығы 68201 жасөспірімді қамту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері екі жүз елу бір адам қызылшамен тіркелген болса, солардың ішінде жасы жиырма тоғызға дейінгі науқастар да бар. Осыны ескере келе, алдағы уақытта екпе науқанына жиырма мен жиырма тоғыз жас аралығындағы азаматтарды қосуды да қарастырып отырмыз», − деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейітжамал Пакеев.
Оңтүстік Қазақстан облысының бас дәрігері оңтүстікқазақстандықтарды қызылшаға қарсы екпе салуға шақырады.