Түлкібас ауданы табиғи сусын шығарушы аймақ болуы тиіс

Аймақ
12.10.2015, 15:24

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапарында осылай деді. Аймақ басшысы ондағы «Арсен Ас» ЖШС-нің жеміс-жидек концентраттарын және табиғи сусын шығару цехының жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, цех жұмысы толық қуатына шыққанда өңір халқы Қытай мен Бразилияның жеміс-жидек шырынына құмартпайтын болады. Экологиялық таза отандық өнім – облыстың ғана емес, республиканың қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқарлы болмақ. Жобаның жалпы құны 600 миллион теңгені құрайды. Оның 480 миллион теңгесін «Максимум» АИО қаржыландырған. Ауданға сапары барысында облыс басшысы Мичурин ауылдық округіндегі «Мөлдір» ЖШС-нің Түркиялық компаниямен бірлесіп бастаған интенсивті бауын аралады. 115 гектар алқапта “Голден делишес”, “Грант смит” жоғары сұрыпты алмалары егілген. Айта өткен жөн, тәтті алмасымен танымал Түлкібас ауданында 2600 гектарға алма бауы егілген.

Сондай-ақ, бұл күні Б.Атамқұлов Т.Рысқұлов ауылындағы аудандық «Нұр Отан» партиясының жаңа ғимаратын аралап, ауылдағы Т.Рысқұловқа арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауданда мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рұсқұловқа арналған төрт ескерткіш бар. Сапар барысында облыс басшысы аудан орталығының бас жоспарымен танысып, аудан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол дәлізінің құрылысын көрді. Индустриялды аймақтың тыныс-тіршілігін бақылады.

Түлкібастың ерекшелігіне орай, бұл индустриялды аймақ тамақ өнімдерін өндіру бойынша жұмыс істемек. Ол үшін 15 жоба жасалуы тиіс. Бүгінге дейін оның бесеуі ұсынылған. Атап айтсақ, оған «Кентау» ЖШС-нің концентрат және табиғи сусындар өндіру цехы, «Жамбул бақшасы» көкөніс және жеміс-жидекті қайта өңдеу цехі, «Рах Оңтүстік» ЖШС-нің құс етін өңдеу цехі мен «Шымкент Арка» ЖШС-нің көкөніс және жеміс-жидекті қайта өңдеу цехі және «Дорсервис» ӨК-нің көкөніс және жеміс-жидекті қайта өңдеу цехі кіреді.

Сұхбат

PhotoRoom