Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағына - 35 жыл!

Аймақ
12.10.2015, 22:36

Мерекеге орай ашық есік күні  ұйымдастырылып, тұрғындар  мәре-сәре күй кешті. Ал, саябақ басшылығын  жаңадан қолға алған  Нұрғазы Бұхарбаев бұл күні облыстың «Құрметті азаматтарына» ерекше тосын- сый жасады. Олар зообақ жануарларын  кез-келген уақытта тегін көріп, тамашалай алатын болды.  

Шымкент зообағы 1979 жылы қазақтың біртуар ұлы Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен салынған.  Ол кезде бұл маң иен даланы еске салатын ескі карьер болған деседі көзкөргендер. Ал, 35 жылдық тарихы бар құтты мекеннің мерейтойына арнайы келген қала басшысы мекеменің тазалық жұмыстарын атқаратын арнайы трактор табыс етті.

Еңкейген қарт пен еңбектеген баланы да аң-құсымен таң қалдырған зообақта бүгінде 600-ге тарта түз тағылары бар. Таяуда ғана хайуанаттар бағындағы сусиыр төлдеді. Кішкентай су жануарына мұндағылар Глория деп ат беріпті.

Кәусар Жексенбек, Шымкент қаласының тұрғыны: Мен бүгін түрлі-түрлі жануарларды көрдім. Маған олар қатты ұнады. Әсіресе, бегамот...

Ақбаян Қаңлыбай, Шымкент қаласының тұрғыны: Мен бүгін әкеммен бірге алғаш рет зообаққа келіп отырмын. Маған ұнады. Бұдан былай үнемі келіп тұрамын.

Зообақ әкімшілігі мерейлі мереке қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 17 мың тегін талон үлестірді. Ал, оңтүстіктің дамуына өз үлестерін қосқан «Құрметтілер» үшін зообаққа тегін кіріп, жануарларды тамашалау жыл он екі ай бойы жалғасады.

Ошат Рахымов, ҚР халық әртісі: Мұндай құрмет біз сияқты елге еңбегі сіңген азаматтарға деген үлкен құрмет. Әйтпесе, 400 теңгені табуға болады. Алайда, бұл бір көңілді көтерер жайт болды.

Айта кетейік, бүгінде жануарлар бағында «африка аймағының» құрылысы жүріп жатыр. Оған қала бюджетінен 896 млн. теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, жануарлар бағындағы аңдардың саны тағы 50 түрлі түз тағыларымен толықпақ.

Дерек көзі: Қазақстан-Шымкент телеарнасы

Сұхбат

PhotoRoom