Жаңа автобустардың саны артпақ

Аймақ
13.10.2015, 16:06

Биыл Шымкентке 100 қоғамдық көлік әкелінуі мүмкін. Қазір осы бағытта қала әкімдігі тарапынан жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев мәлімдеді.

Бүгінде Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінде 27 тасымалдаушы көлік компаниясы бар. Оның ішінде 55 автобус бағытында 849 кестемен, 24 шағын автобус бағытында 339 кестемен (барлығы 1188 кестемен) жолаушылар тасымалдау қызметін атқаруда.

Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, қазіргі таңда Шымкенттегі қоғамдық көліктердің сапасын бақылау мақсатында бір айлық рейдтік шара басталған.

– Ережеге сәйкес, қоғамдық көліктерде медициналық аптечкалар мен өртке қарсы құрал-саймандар болуы тиіс. Сондай-ақ терезелері күңгірт болмауы керек және қоғамдық көліктер пердесіз болуы міндетті. Жалпы осындай кемшіліктер бойынша жүргізушілерге 3 рет ескерту беріледі. Егер, олқылықтар түзелмесе, автобустар кестеден алынып тасталады, – дейді  Ж. Байдуллаев.

Жауапты маманның сөзіне сенсек, қалада қатынайтын сыйымдылығы аз «Газельдерге» шектеу қойылып, олардың саны азаюда. Мәселен, жыл басында қала бойынша 29 бағытта 398 «Газель» болса, қазір оның саны 339-ға жетіп, 24 бағытта қызмет көрсетуде.

– Былтыр қаламызға жаңа 200 автобус әкелінді. Алдағы уақытта қаланы тағы да 100-ге жуық автобуспен қамтамасыз ету жоспарда бар. Газбен жүретін ол автобустар экологиялық жағынан өте тиімді. Шалғай аудандар мен қалаға қарасты елдімекендерге де жаңа кестелер жасап жатырмыз, – дейді маман.

Қазір Шымкенттен Ақтас елдімекеніне №35 бағыттағы автобус (таңертең, түсте және кешке) жүріп тұр. Бұдан бөлек биыл елдімекендер бойынша 8 бағытта маршрут қосылған. Жоспарда тағы 7 бағытта жоба бар. Автобустардың қатары артса, ол да жүзеге аспақ.

Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ташқараев қоғамдық көліктерге қатысты бірқатар азаматтарға жеңілдік қарастыруды ұсынған болатын. Халық қалаулысының бұл ұсынысы қолдау тауып, 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап қала әкімдігі мен компания басшылығы өзара меморандум жасады. Нәтижесінде ҰОС ардагерлері, зағип жандар мен оларды ертіп жүретін бір азамат тегін жүре алатын болды.  Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне де дәл сондай жеңілдік бар.

Дерек көзі: shymkent.gov.kz

Сұхбат

PhotoRoom