13 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысында Жоғары спорт шеберлігі мектебінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған каратэ-до шотакан спортынан еліміздің ашық біріншілігі басталып кетті. Жарыстың ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызеті хабарлады.
Байрақты бәсекеде үш жас ерекшелігі бойынша ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында бақ сынасатын болады. Бұл жарысқа қатысу үшін еліміздің он үш облысынан, сондай-ақ шет жақтағы Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен де спортшылар жиналған. Олардың жалпы саны 394-ке жетті. Бәсеке барысында каратэ федерациясының Құрметті президенті Марат Ахметжанов, каратэдо шотакан спорты федерациясының вице президенті Жасталап Санауов тұтастай бір елдің үмітін арқалап келген дара спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың бас төрешісі – қазақ даласының батырыҚажымұхан бабамыздың немересі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Шаттық Қажымұхан. Қазақстандық саңлақтардың ендігі басты мақсаты – Бразилия елінің Рио Де Жанейро олимпиадасы. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының сегіз спортшысы жолдаманы жеңіп алды.
Айта өткен жөн, 2020 жылы Токио қаласында өтетін олимпиада ойындарының бағдарламасына енуге үміткер бес спорт түрінің бірі – осы каратэ-до шотакан.