Бүгін «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде Өңірлік кәсіпкерлік кеңесі мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен жиыны өтті. Алқалы кеңеске белгілі кәсіпкерлермен қатар, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров қатысты.
Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Əбдірахымов кездесудің маңыздылығына тоқталып, облыс кәсіпкерлерінің қалалық құрылымдарына қатысты мәселелерге тоқталды.
– Қаламыздың дамуы үшін бұл кездесудің маңызы зор. Бүгінгі жиынның мақсаты – жергілікті билік пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігін дамыту. Қазіргі таңда қаланың көркеюіне, Шымкенттің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан көптеген ірі бизнесмендеріміз бар. Миллионды мегаполис болып қалыптастыруда болашақта да отандық инвесторларды белсенді болуға шақырамын, – деді Ғ. Əбдірахымов.
Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда ресми мәлімет бойынша Шымкентте 878 мың халық тұрады. Ал қалалық ХҚКО-ның деректері бойынша қала халқы 1 миллион 92 мыңға жеткен. Болашақта қаланың Бас жоспары негізінде Шымкент тұрғындарының саны 2030 жылы 1 млн. 700 мыңға, 2050 жылы 2,5 млн.-ға жетпек. Шаһар басшысы өз сөзінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкентті ірі мегаполиске айналдыру бойынша жаңа жобалардың қолға алынып жатқанын да атап өтті.
– Біз қаладағы ретсіз сауда мен базарлард¬ы жойып, заман талабына сай сауда орындар¬ы мен алып дүкендерді салуымыз керек. Жоспарымыз бойынша 2017 жылдан бастап ірі базарлардың бәрі қала сыртында болады. Тек жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда орындары қалады. Қала ішіндегі базарлар шаһардың жаңа келбетін айшықтап, ажарын ашып тұратын сипатта безендіріледі, – деді қала әкімі.
Басқосуда сөз алған өңірімізге танымал бизнес саласының өкілдері Серікжан Сейітжанов, Қайрат Балабиев және Қайрат Молдасейтов Шымкенттің дамуы жолындағы барлық оң бастамаларға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
– Бүгінгі жиында айтылған мәселелер өте орынды. Ортақ мақсаттағы жұмысқа бизнесмендер де атсалысу керек. Шымкенттің әлеуетін арттыру бағытында қаламызда Қазақ инновациялық университетін салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда шетелден білікті мамандар шақыртылып, медициналық және техникалық мамандарды даярлайтын болады. Бұл жақын болашақта жүзеге асады. Жалпы, қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша жаңа жоспарлар жасалып жатыр. Шаһардың басшылығына келген Ғабидолла Рахматоллаұлының іскерлігіне, жаңашылдығына еш күмәнім жоқ. Қаланың көркеюіне үлкен үлесін қосады деп сенемін, – деді белгілі кәсіпкер С. Сейітжанов.
Айта кету керек, кездесу барысында Шымкент қаласы әкімдігі мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық меморандуымына қол қойылды.
– Кəсіпкерлік секторы мемлекетке салық төлеу арқылы қала қазынасын ұлғайтады. Бұл ретте әлеуметтік салық пен жер, көлік салығын реттеуді ұсынамын. Сондай-ақ «қолма қол» берілетін үстемақыларды да заңдастырып, жұмыспен қамтылған қызметкерлердің жалақысы арқылы түсетін көлеңкелі табыстың салығын да жүйелеу керек, – деді қала әкімі.
Жиын соңында шаһар басшысы Ғабидолла Əбдірахымов Шымкенттің жаңа заманауи келбетін қалыптастыруда кәсіпкерлермен күш біріктіре отырып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
Дерек көзі: shymkent.gov.kz