Шымкентте «жаным – жанарымда» дегендерге ота жасалды

Аймақ
16.10.2015, 18:43

Шымкент қаласында «жаным – жанарымда» деген 4 азаматқа ерекше ота жасалды. Алтын скальпельдің иесі – Ресейдің белгілі офтальмолог дәрігері Эдуард Старунов. Бұл туралы shymkenttv.kz хабарлады.

Мұндайда қазақ «тойдың болғанынан боладысы қызық», - дейді. Ота небары 10 минутта жасалып бітті. Құрылғының құдіреті осы. Жаныңыз қиналмайды. «Allegretto wave eve-Q» атты жасыл сәуле шығаратын аппарат «көрер қызықтан көз жазып қалмаңыз», - деп, өмір белесінде қолыңызға жасыл карточканы ұстатады.

Эдуард Старунов, хирург-офтальмолог:

Бұл отаның атауы ласик немесе лазерлік тәсілмен  көз жанарын түзету деп аталады. Көзінің шырышты қабығына ота жасатқан адам ойланбастан, 1 сағатта үйіне кетіп, жақын-жуығымен қауышу бақытына ие. Әлемнің дамыған бірнеше елінде бар тәжірибе. Қазақстан да осы мүмкіндікке қол жеткізгеніне тәнтімін.

Гүлжаһан Хаджабаева - Шымкент қаласының тұрғыны. Жасы 25-те. Дәл осы жерде көзіне ота жасатқанына 1 жарым айдан асыпты. Операцияға дейін жанары -3 болған. «Көзілдірік, линза тағудан әбден шаршаған ол білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінгенім жақсы болды. Көзім 100 пайыз көріп отыр, - дейді.

Айта кетейік, операцияның бұл түрі 18 бен 40 жас аралығындағы науқастарға жасалады. Ниет еткен азамат алдымен арнайы көз дигностикасынан өтеді. 1 жарым сағаттың ішінде  нәтижесі белгілі болады. Егер емделушінің диагнозы ота жасауға мұрсат берсе, көзілдірікпен біржолата қоштасудың мүмкіндігі бар.

Ескертпеге айтарымыз: ота ақылы және ақысыз түрде 2 жолмен жасалады. Тегініне ілігу үшін Үкіметтің арнайы квотасы қажет.

Дерек көзі: Қазақстан-Шымкент телеарнасы

 

Сұхбат

PhotoRoom