Бүгін 16 қазан күні Шымкент қаласындағы«Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйіндегі «Абай» конференц-залында Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен журналистер мен блогерлерге арналған кезекті семинар өтті.
«Әлеуметтік желідегі селфбрендинг және фактчекинг негіздері» деп аталатын бұл семинарда«Хабар» Агенттігінің Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі, «Жақсы» порталының бас редакторы, журналист-блогер Өркен КЕНЖЕБЕ Кәңгіме өрбітіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Біз өмір сүріп отырған қоғамда дәл қазір ақпарат көзі ұшы-қиыры жоқ теңіз секілді толассыз көп. Өздеріңіз білесіздер, әсіресе әлеуметтік желі ішінде ақпарат тасқыны басым. Әлеуметтік желі жас талғамайды, мамандық таңдамайды. Оның аудиториясы ұшан-теңіз. Сондықтан да ғаламтор бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарымен иық тіресе, тіпті газет, телерадио құралдарынан бұрын жылдам ақпарат таратып үлгере алатын мүмкіндікке ие. Алайда алапат ақпараттар мен мың-сан мәліметтердің арасынан қайсысы шынайы, қайсысы жалған екенін білу барлығымыз үшін де маңызды. Осы жайында Өркен Кенжебек семинар барысында толық әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол жалпы журналистика мен блогингтің ұқсас тұстары неде екенін және олардың бір-бірінен айырмашылығын ашып айтты.