Қазалы ауданы көгілдір отынға қосылды

Аймақ
22.10.2015, 09:46

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті көгілдір отынға қосылды. 40 мыңнан астам тұрғыны бар кенттегі шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов қатысты.

  Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз" АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын  газдандыруға қажетті қаражатты газ саласындағы ұлттық оператор -«ҚазТрансГаз» компаниясы бөлді. Ал, облыстың қалған аудандары келесі жылы газбен қамтылатын болады. Ол жұмыстарға қажетті 16 млрд. теңгені Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі инвестицияламақ.

         - Алдымен баршаңызға Елбасының ыстық сәлемін жеткізейін. Екі күндік жұмыс сапарымен болған Мемлекет басшысы аймақта атқарылып жатқан жұмысқа жоғары бағасын берді. Бұл облыс халқының жұмыла жұмыс жасауының нәтижесі. Осындай игі шараның біріне бүгін тағы куә болып отырмыз. Өткен апталарда Жаңақорған мен Шиелі ауданы көгілдір отынға қосылды. Келер жылы қалған үш ауданда газдандыру жұмысы басталады. Сол кезде облыс халқының 83 пайызыкөгілдір отынға қол жеткізеді, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

ACD_1563

  - Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба аясында бір ғана Қызылорда облысында биыл 1439 км газ құбыры салынды. «ҚазТрансГаз» әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын компания. Істеп отырған жұмысымыз түгелдей халықтың тұрмысын жақсартуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған, - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов.

ACD_1644

  Әйтеке би кентінде бүгін үйіне алғаш болып көгілдір отынды кіргізген Құсановтар отбасы. Олардың қуанышында шек жоқ. Талай жылғы армандары орындалғанына риза.

ACD_1519

- Бұрын үйде от жағып, әуреге түсетінбіз. Сатып алатын көмірімізге де көп қаржы жұмсадық. Енді бұл қиыншылықтар артта қалды,  - дейді  аудан тұрғыны Үрпатша Аймағамбетова.

Айта кетейік, келесі аптада Арал ауданы көгілдір отынға қосылады.

Сұхбат

PhotoRoom