Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың төрағалығымен ОҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде қоғамда балалар мен әйелдер айналасында белең алып отырған өткір мәселелер талқыланды. Жиынға қатысушыларды, әсіресе, отбасылық зорлық-зомбылық пен үлкендердің балаларға әлімжеттік жасауы, ана мен бала саулығы, ерте жүктілік пен бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі мен адамгершілік, руханият, неке жауапкершілігінің маңыздылығы, сондай-ақ, баласының қартайған әке-шешесіне қамқорлығы сынды өзекті проблемалар алаңдатады.
Жиын барысында айтылған мәселелер бойынша комиссия мүшелері аудандық және қалалық комиссия төрағаларына жұмыстардың сапасын арттыру мақсатында, тіпті қажет жағдайда тиісті шара көруге шешім қабылдау қажеттігі туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, басқосуда Түркістан қаласы мен Төлеби ауданындағы комиссияның есебі тыңдалып, аудандық және қалалық комиссиялардың 9 айда атқарған жұмыстарына баға беріліп, тиімділігі сараланды.