Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектері Нұрлан Кеңесов пен Әсет Байсынов Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының жаңа орынбасарлары болып тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
[ot-caption title="" url="/uploads/wp-content/2015/10/369.png"]
32 жастағы Қарағанды облысының тумасы Нұрлан Кеңесов Ұлыбританияның Imperial College London жоғары оқу орнын және АҚШ-тың Дьюк Университетінің Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебін тәмәмдаған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің түлегі. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде сарапшы лауазымынан бастап стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, мемлекеттік қызметтің барлық сатыларынан өткен. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Инновациялық комитет төрағасы орынбасары болып қызмет атқарған.
Осы лауазымда облыс әкімі аппаратының талдау жұмыстарына сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін арттыру мен халыққа қызмет көрсету мәселелерімен айналысатын болады.
34 жастағы, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының Шардара қаласының тумасы Әсет Байсынов «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселелерімен айналысатын болады. Мемлекеттік және жергілікті басқару және халықаралық даму саясатының магистрі. АҚШ-тың Дьюк Университетінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан астам, оның ішінде 5 жылдан астам уақыт басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Экономика және бюджеттік жоспарлау, білім және ішкі істер министрліктерінде, Премьер-Министр Кеңсесінде, Мемлекеттік қызмет істері агентігінде және Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарған. Премьер-Министр Кеңсесі мен Мемлекеттік қызмет істері агентігіндегі жұмысы барысында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және «А» корпусын құруға қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және оларды жүзеге асыру бойынша жауапты қызмет атқарған.