Шымкент қаласында «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Конференцияға партия филиалы саяси кеңес мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қалалардан сайланған делегаттар, мемлекеттік органдардың басшылары және БАҚ өкілдері жалпы төрт жүзден астам адам қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық партия филиалының міндеттері мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары нақтыланды.
Алдымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берік Оспанов баяндама жасап, негізгі жұмыстың басымдықтары мен бағыт-бағдарына тоқталды. Мәжіліс барысында бірқатар партия белсенділері мен бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және жастар қанатының мүшелері жарыссөзге шығып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Мәжілісті Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Атамқұлов қорытындылап, бірқатар тапсырмалар берді.
Конференция барысында ұйымдастыру мәселесіне байланысты Саяси кеңес және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгеріс енгізу жайы да қаралды.