Шымкент қаласында бүгінгі күнге дейін көпқабатты тұрғын үйлердің 81 пайызы жылуға қосылған деп хабарлайды облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында өткен брифингте қала әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әбдінұров мәлімдеді.
Оның айтуынша қаладағы 1762 тұрғын үйдің 1427-сі орталық жылумен толық қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып қалыпты. Ал қалған 335 үйлер 10- шы қарашаға дейін кестеге сәйкес толық қосылатын болады. Бұдан бөлек, қаладағы білім, спорт пен денсаулық және де мәдениет, сондай-ақ басқа әлеуметтік нысандар жылумен жүз пайыз қамтылған.
Осы жылдың екінші қараша күніне келіп түскен мәлімет бойынша облыстағы 3256 бюджеттік мекемелерге толық жылу берілу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Арыс мен Түркістан қалалары және де Отырар, Сарыағаш, Созақ, Төле би, Түлкібас аудандарында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер жылумен толық қамтамасыз етілсе, Кентау қаласындағы үш жүз жиырма жеті үйдің екі жүз елуі жылуға қосылған. Кеншілер қаласындағы үйлерге кестеге сәйкес төртінші қараша күні толығымен жылу беріледі деп жоспарланып отыр.