Шымкенттік екі оқушы MOSTRATEC олимпиадасынан жеңіспен оралды

Аймақ
05.11.2015, 12:37

 Шымкент қаласындағы қазақ-түрік ерлер мектебінің екі оқушысы халықаралық  MOSTRATEC-2015 ғылыми жобалар олимпиадасында ІІI орынға ие болды. Бұл айтылған MOSTRATEC халықаралық олимпиадасына жалпы алғанда әлемнің жиырма екі елінен 785 оқушы қатысты және  үш жүзге жуық ғылыми жоба тіркелді деп хабарлайды Оңтүстік Рабат.

Елімізден елу сегіз оқушы бақтарын сынап көруге аттанған бұл жарыста шымкенттік жастар информатика саласында ғылыми жоба жұмысын қорғап, үздіктер қатарына ілінді. Дарабоз оқушыларды мектеп мұғалімдері мен  ата-аналары  қарсы алды. Шымболат Туғанбай және Дәурен Ордабаев әлемдегі ең танымал сөзжұмбақ түрлерінің бірі - судокудың жаңа нұсқасын құрастырып шығып, оның басқа түрлерінен ең қиын судоку екенін дәлелдеп шықты. Сондай- ақ біздің жеңімпаз жастарымыз осы жеңістің өздерін жігерлендіргені жөнінде айтып, осымен тоқтап қалмай, әріқарай білімдерін арттырып, алдағы уақытта да жағымды жаңалықтарымен қуантамыз деп уәде етіп отыр.

Айта кететін тағы бір жайт, MOSTRATEC халықаралық олимпиадасы - Бразилияда жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі дарындылар сайысы. Онда жеткіншектер ғылыми, шығармашылық, техникалық жобаларды ағылшын тілінде қорғап, таңдалған сала төңірегінде жаңалық ашуға тырысады.

Сұхбат

PhotoRoom