Қызылорда облысы шырынды сусындар шығаруда

Аймақ
06.11.2015, 13:13

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған Қызылорда облысындағы іс-шаралар өз жалғасын тауып келеді. Мәселен, Жаңақорған ауданында шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер экологиялық таза «Талдысу» суын және шабдалы мен лимон шырыны қосылған қара және көк шай шығаруда. Бұл туралы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шағын кәсіпорынның басшысы Қайсар Төлегенов жасы жиырманың үстіндегі жас жігіт. Жаңақорғаннан минералды су шығарылғанына бала кезінен құлағдар болған жас жігіт  ойын әкесімен бөлісіп,кейін әкесі қаржылай көмек көрсететіндігін жеткізген. Содан 2014 жылы осы суды шығаратын аппараттарды сатып алып, аула ішінен тереңдігі 100 метрден асатын құдық қаздырылған. Одан шыққан суды арнайы сараптамадан өткізуге Қызылорда, Алматы мен Астанаға алып барып, судың тазалығына көздерін жеткізу үшін ғылыми зерттеу институтынан арнайы мамандар келіп тексерген. Нәтижесінде суды шығаруға арнайы рұқсаттарын берген.

Бүгінде цехта бес жігіт жұмыс істейді. Жалақылары шығарған өнім көлеміне қарай төленеді. Тауар сапасы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген.

Таза ауыз суы бір, бес және он тоғыз литрлік пласмасса ыдысқа құйылады. Су құятын автоматты станоктарды Мәскеуден арнайы алдырған.

«Бес және он тоғыз литрлік суды негізінен «Байкен-U», «Шалқия-Цинк» ЖШС алса, кіші ыдыстағы ауызсу кент ішіндегі дүкендер арқылы таратылуда. Цех ашылғаннан кейін екі ай өткенде нарық сұранысын ескеріп, NEI TEA шабдалы шырыны қосылған қара, лимон шырыны қосылған көк шайды шығаруды қолға алдық.

Жалпы, күніне 2500-3000 литр көлемінде өнім шығарып, тапсырыс түскен жерге тегін жеткізіп берудеміз», - дейді Қайсар Абайұлы.

Бүгінде «Талдысуға» Атырау мен Ақтаудан тапсырыс түсіпті.

- Өзге өңірлерден келіп, өнімге қызығушылық білдірушілер көп. Алдағы мақсат - цехты үлкейту. Арнайы ғимарат салып, тетрапакетпен түрлі шырындар (сок) шығаруды да қолға алу жоспарда бар,-дейді жас кәсіпкер.

Дерек көзі: inform.kz

Сұхбат

PhotoRoom