Ертең, 9 қараша күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты облыс жастарының ХІ форумы өткізіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шара аясында өтетін бұл форумға облыс әкімі Қ.Көшербаев, «Халық қаһарманы», ғарышкер А.Айымбетов қатысады.
Осыған орай, 8 қараш күні М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілдері» және «Жастар ұйымдарының көрсететін қызметтерін дамытуда озық тәсілдерді пайдалану» тақырыбында секциялық жұмыстары ұйымдастырылды.
Жалпы форум қонақтары, алдымен, Студенттер сарайында өткен жастардың инновациялық идеялар мен жобалар көрмесіне қатысып, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен қаладағы жалпы білім беретін мектептердің оқушыларының және жас мамандардың жұмыстарымен танысып шықпақ.
Сондай-ақ, форумда жастар өздерінің ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісетін болады. Форум аясында облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда атсалысқан үздік қоғамдық ұйымдар мен жастар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталуы жоспарлануда.