Ордабасы ауданында «Ликбез» қоғамдық бірлестігі «Жастардың таңдауы — жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында конференция өткізді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Оралбаев Азат жиналысқа төрағалық етті. Бұл туралы аудан әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
— Тамыры тереңге кеткен жемқорлықтың деңгейі алаңдаушылық тудыруда. Аудан әкімінің 27-шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөнінде 2015-2017-жылдарға арналған ісшаралар жоспарын бекіту туралы» №386 қаулысына сәйкес жұмыстар жүргізілуде, — деп бастады баяндамасын аудан әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Алтынбеков Берік.
— Заңдарды түсіндіру насихаттауға арналған семинар-кеңестер, акциялар өткізілуде. Қылмыстың бұл түрінің алдын алуға бірден-бір септігін тигізетін тәсіл — мемлекеттік органдармен қабылданатын бюджеттің игерілуі және жер қатынастары саласындағы кейбір шешімдермен, өзге де қызметтермен тұрғындарды ақпараттандыру. Осыған орай аудан әкімдігінің ғаламтордағы www.ordabasy.gov.kz ресми ресурсында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» бөлімі ашылған. Аудан әкімдігімен қабылданған нормативтік-құқықтық сипаттағы актілер де осында жарияланады. Жұмыс жүргізілгенімен, кемшіліктер бар. Былтыр заң талаптарына сәйкес аудандық жергілікті атқарушы органдардан екі мемлекеттік әкімшілік қызметкерге, биыл үш мемлекеттік қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды.
Жастар орталығының директоры Сайлыбаев Мұрат: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» мәтелінің ауыспалы мағынасы: «Жемқорлық жағадан алғанда, парақорлық балаққа жабысады» сияқты. Жемқорлық заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір қарсылыққа төтеп беріп, мол қаражат пен табысты жерге тамыр жайып келеді. Ол сылып тастайтын сыртқы жара емес. Қоғамдық дертті емдемес бұрын пайда болу, даму, таралы жолдарын біліп, қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек, — деді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Халықаралық қатынастар және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Мәжінбеков Сәкен (суретте) Қазақстанды өзге мемлекеттермен салыстыра отырып, сөз қозғады. Сыбайластықтың жазасын күшейткеннен көп нәрсе өзгермесін Қытайды мысалға келтіре отырып дәлелдеді. Айтуынша жемқорлықпен күресте озық үлгі — Сингапурде. Бұл елде жалақы жоғарылатылған. Оның артықшылығы — мемлекеттің дамуына пайдасы тиюі мүмкін азаматтар жеке секторға «нан іздеп» кетпейді. Кемшілігі — жұмыс уақытын дұрыс пайдаланбай, тірлігін тындырмайтындар да өзгелермен бірдей қаржылық қолдауды иеленеді. Сөз соңында еліміз күресуден кенде еместігін, оған қоса әркім өзінен бастау керектігін тілге тиек етті.