Түркістан қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды мәңгі есте сақтау мақсатында «Жеңіс орманы» атты акциясы ұйымдастырылған болатын. Қаладағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен жасыл желек отырғызу шарасы шаһар шетіндегі «Парасат» саябағында болып өтті. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы соңғы жылдары қала аумағының ұлғаюына байланысты шаһардағы «Парасат» саябағын көгалдандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Жергілікті тұрғындарға жаңа демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында жасалған істер нәтижесінде, қазіргі таңда, мұнда ағаштар жайқалып, аталған саябақ Түркістан қаласындағы саялы орындардың біріне айналып үлгергені белгілі.
«Парасат» саябағының көлемін арттыра отырып, көгалдандыру жұмысында жүргізу үшін қала әкімі Ә. Өсербаевтың тапсырмасымен шара аясында арықтар тартылып, тағы да екі жарым мың түп ағаш көшеттері жер бетіне отырғызылды.
Сонымен қатар, ағаш отырғызу шарасы шаһарға қарасты барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылып өтті. Соның аясында Түркістан қаласында жалпы саны бес мыңға жуық ағаш көшеттерін жер бетіне қондырып, қасиетті өңірдегі жасыл белдеу көлемін тағы да біршама арттыра түсті.
[ot-caption title="" url="/uploads/wp-content/2015/11/DSC_5985.jpg"]