Өңіріміздің спортшылары тағы да ерледі. Индонезияда өткен байдарка мен каноэда есу спортынан жастар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионатында отандастарымыз 9 алтын, 8 күміс, 2 қола медальді еншілесе, соның 5 алтын, 5 күміс және 1 қола медалі оңтүстікқазақстандық спортшылардың қоржынында. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтсақ, мың метрлік екеулік байдаркада жерлестеріміз – Е.Алексеев сынға түсіп, топты жарса, екі жүз метрлік жұптық байдаркада ерлер арасында О.Янницкий, әйелдер арасындаН.Подойникова және Н.Сергеева, ал жастар арасында А.Борисов пен Г.Артемьев алтыннан алқа тағып елді бір қуантты. Ерлер арасында Т.Хайдаров екі жүз метрлік каноэда жеңіс тұғырынан көрінді.
Сонымен қатар, күміс және қола жүлдегерлердің ішінде жерлестеріміз – А.Альшанский, Н.Сергеева, И.Подойникова, Ю.Березинцев, С.Молина және ағайынды Емельяновтар да бар.Сөйтіп, әлем және Азия біріншіліктерінен ұлттық құрама спортшылары Рио олимпиадасына жеті жолдама алса, оның 4-уі Оңтүстіктікі.
Еске сала кетейік, қараша айының басында өңірімізде байдарка және каноэда есуден оқу жаттығу базасының спорт ғимараты ашылған болатын. 130 адамға арналған оқу жаттығу орны елімізде теңдесі жоқ әмбебап кешен болып табылады.
[ot-caption title="" url="/uploads/wp-content/2015/11/20151109014820-1.jpg"]