ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІ ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН МЫҚТАП ҚОЛҒА АЛДЫ

Аймақ
10.11.2015, 12:42

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы аясындағы іш-шаралар нәтиже беруде. Мәселен, Қызылорда өңірінде құс шаруашылығы өркендеп келеді. «24 кз» арнасының хабарлауынша, бұған БҰҰ мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бірлескен жобалары сеп болуда. «Эко-Даму» бағдарламасы аясында Қазалы ауданында шағын 4 құс фермасы ашылыпты. Оның барлығы ерекше қорғалатын аймақтар маңындағы елді мекендерде кәсіпкерлікті жандандыруға бағытталған. 

«Эко-Даму» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несиеге қол жеткізген Басықара ауылының тұрғыны Қаржау Дәрібаев барлығы 300 бас қаз, үйрек және тауық балапанын бағып-қағып отыр. Жобада үй құстарының күтіміне қажетті қора салу және жем азығын алуға қаражат бөлек қарастырылған. Жұмыртқа басып шығаратын инкубатор құрылғысын да қоса әкелген шаруа көктемге дейін үйрек-тауық саны мыңға жетіп қалады деген үмітте.

Мынау қаздың балапан кезінде грамм шығатын, 3 ай ішінде салмағы 4-5 келіге жетіп қалды. Осыдан 100 балапан алып келгенбіз, көктемге дейін 300-400 басқа дейін жеткіземіз деген ойымыз бар, - деді құс өсіруші Қаржау Дәрібаев.

Ал мына қаз-үйрек шоғыры Тасарық ауылының тұрғыны Жасұлан Асқаровқа тиесілі. Ол да «Эко-Даму» бағдарламасынан 5 миллион теңге несие алып, ерте көктемде 2000 бас үйрек пен 1000 бас қаз асырауды бастаған. Қазірде Жасұлан аудан жұртшылығын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда осы Қазалы ауданы тұрғындарының құс етіне сұранысы артып отыр. Қаз 5 келі болады, оның бағасы 5000 теңге. Үйректер 2,5 келіден, 2500-нан сатып жатырмын, - құс өсіруші Жасұлан Асқаров.

Ресми түрде экологиялық апат аймағына жатқызылған қазалылық 13 адамға «Эко-Даму» бағдарламасынан жалпы 4 пайыздық жеңілдікпен 35 миллион теңгеден астам несие берілген. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікке серпін берумен қатар өңірдің табиғи оңалуына септігін тигізуде.

Дерек көзі: e-kyzylorda.gov.kz

Сұхбат

PhotoRoom