Қызылордалық кикбоксшылар Қазақстан кубогынан жүлделі оралды

Аймақ
12.11.2015, 12:33

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай өткен Астана қаласындағы кикбоксингтен ересектер арасында Қазақстан Республикасының кубогында қызылордалық кикбоксшылар 2 алтын, 1 күміс жүлдені иеленді,-деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Кикбоксингтің фулл-контакт және к-1 бөлімдері бойынша ұйымдастырылған жарысқа Астана, Алматы қалалары мен облыстардан 16 команда қатысты.

Аталмыш бәсекеде Қызылорда облысынан үш спортшы сынға түсіп, үшеуі де жеңіспен оралды. Атап айтсақ, к-1 бөлімінде 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Алтынбек Жүнісов пен 86 келіде Ахмедияр Аманжолов ел кубогының жеңімпазы атанса, 67 келіде Елдос Рысбай күміс жүлдені еншіледі.

Спортшыларды жарысқа кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Берік Ахметов дайындады.  Үш спортшы да облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері.

Сұхбат

PhotoRoom