Бәйдібек ауданында жыл соңына дейін үш мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Атап айтар болсақ, Боралдай, Шалдар, Екпінді елді мекендеріндегі мәдени ошақтар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы мен облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр. Аталған бұл ғимараттар соңғы 45-50 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген болатын. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта өткен жөн, аудандағы елу сегіз типтік және типтік емес мәдениет нысандарының сегізі күрделі жөндеуді қажет етсе, биыл оның 6- на мемлекет тарапынан қаржы қаралып, арнайы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жыл басынан бері күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен Шақпақ, Шыбыт, Ақмешіт ауылдық мәдениет үйлері қазіргі таңда пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етіп жүргені белгілі.
Сонымен қатар, Бәйдібек ауданында бюджет шығындарын үнемдеу мақсатында бірнеше оңтайландыру жұмыстары орындалуда. Мектеп ішіндегі кітапханалар мен мәжіліс залдарын бірлесе пайдалану үшін ауылдық елді мекендердегі отыз екі мәдениет ошағының типтік емес жиырма үш ғимараты мектеп жайына көшіріліп, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп жүр.