Қаламынан жауһар төккен жазушы Шиелі өңірінде кездесу өткізді

Аймақ
19.11.2015, 17:12

Жазушы, журналист-публицист, халықаралық “Алаш” және “Сорос-Қазақстан” сыйлықтарының иегері, бас-аяғы жиырмадан астам кітаптардың авторы Қуандық Түменбай туған жері Шиелі өңірінде оқырмандарымен шығармашылық кездесулер өткізді.  Бұл туралы Шиелі аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл ғана алты томдық жинағы жарық көрген, жуырда ғана алпыс жасқа толған киелі Шиелі тумасы көп жыл республикалық “Лениншіл жас” газетінде еңбек етті. Бұрынғы астанамыз Алматыдағы мәдениет және ақпарат министрлігінде жемісті жұмыс атқарды. Бүгінде “Үркер”журналын шығарып келеді.

Алыста жүрсе де елін, туған жерін көзден таса қылмайтын, “Шиелінің Құрметті азаматы” атанған Қ.Түменбайдың аудандық мәдениет үйіндегі кешін аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ашып, мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Тұлғалар тойынан тәбәрік ретінде “М.Шоқай–125” медалін омырауына қадап, қоғам қайраткері М.Шоқай жайлы 2 томдық кітабын, Нартай әндері жазылған үнтаспаны табыстады. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық университетінің оқытушысы, қаламгердің досы, профессор Сейдолла Садықов, мектептегі ұстазы Пернеш Жүсіпова  шығып сөйлеп, шығармашылық табыс тілесе, өзі оқыған №149 мектеп оқушылары жыр жолдарымен сәлем жолдады. Өнерпаздар көрермендерге көңілді ән, күй сыйлады, мерейтой иесі ұйымдастырушыларға алғыс сезімін білдірді.

                                                                                                                                                                               ***

Жазушымен кездесу туған ауылы Жақаев ауылдық мәдениет үйінде де болып өтті. Иіркөл ауылдық округінің әкімі С.Монтаев қаламгерді құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Кездесудің өнбойында бейнеэкран арқылы жазушының өнегелі өмірі мен шығармашылығы көрсетілді. Мектеп оқушылары жазушының “Ар мен дар” кітабынан үзінділер келтірсе, 10-шы сынып оқушысы Н.Мәліков қаламгерге арнаған өлеңін оқыды. 

Шара барысында Қ.Түменбайға түрлі тақырыптағы сұрақтар қойылып, оқырман дар өздерін толғандырған, қызықтырған сауалдарына тұщымды жауаптар алды.

Ауыл ақсақалдары жазушыны 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына қазақы дәстүрмен зерделі шапан жапты. Қ.Түменбай жақында ғана баспадан шыққан 6 томдық шығармалар жинағын ауыл кітапханасына табыстады.

Сұхбат

PhotoRoom