Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорындағы ең құнды “Алтын адам” артефактісі Шиелідегі Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне әкелінді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Алтын адамның” келу құрметіне жасалған Ашық есік жиынына аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев қатысып, сөз сөйледі.
– Биыл ауданымызда мыңдаған жылдық мемлекеттік тарихымыздың түйіні, Қазақ хандығының 550 жылдығы ая-сында көптеген шаралар қолға алынды. Осы орайда онан бергі тарихымызда да ойып орын алатын тұлғаларымызды ұлық тадық. Сондай тұлғаларымыздың бірі дала академигі Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл көрмеге ата-бабаларымыздың өткен дәуірлерінің мәдениеті мен рухын бүгінге алып жеткен “Алтын адамның” қойылуы барша шиеліліктерге құтты болсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан әрі Социалистік Еңбек Ері Ш.Қазанбаева, әжелер ансамблінің мүшесі П.Жүсіпова, аудан әкімі жанындағы әйелдер Кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова сияқты бірқатар кісілер ақ тілегін арнап, асыл жәдігерді аудан жұртшылығына тамашалау мүмкіндігін жасауға белсенді еңбектенген аудан басшысы мен музей директоры Қ.Ықановаға алғыстарын білдірді.
Шын мәнінде “Алтын адам” ел ішін аралауды республика бойынша бірінші рет Шиелі өңірінен бастап отыр екен. Бұл жайында, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері П.Мұсырманқұлұлы айтып өтті.
“Алтын адам” туралы түсінік берген ол:
– Бұрын Ресей мен Қытай елінде болған бұл құнды жәдігерді қызықтау ел ішінде әзірге тек шиеліліктерге бұйырып отыр, – деді.
1969 жылдың аяғында көрнекті археолог Кемел Ақыштың басшылығымен жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде Есіл қаласы маңынан табылған жәдігер сақ тайпасының жас сарбазының бейнесін береді. Оның өн бойында байлықтың ғана емес, елдіктің ерен нышандары сақталған. Өмір сүру дәуірі 5-ғасырдың еншісіне тиеді.
Жас сарбаз киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, құс секілді жануарлар бейнесінде жасалған. Олардың әрқайсысы біздің сақ дәуірін -дегі бабаларымыздың тектілікті, еркіндікті, батырлықты сүйетін тұлғасын танытады.
Осындай дәуір тарихының алтын ны-шанын Астанаға бармай-ақ ауыл ішінен тамашалау – шиеліліктер үшін үлкен олжа болып отыр.
Іс-шараға қатысқан №149-шы мектеп оқушыларының рухты әндері мен әсерлі жыр-тақпақтары көпшілікті “Алтын адам” қадірін арттыра түскендей күйге кенелтті.