Кеше, 19 қараша күні Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылық қызметін 2006 жылдан бері абыроймен атқарып жүрген Скендр Мерекбаевты аудан әкімі Абзал Сансызбайұлы құрмет көрсетіп зейнет демалысына шығарып салды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Скендр Мерекбаев 1952 жылы Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1968-1975 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтында білім алып, «Азаматтық және өндірістік құрылыс. Инженер - құрылысшы» мамандығын игерген. Ол еңбек жолын Қызылорда қаласындағы ТЭЦ -6 Құрылыс басқармасында 4 –резрядты бетондаушы болып бастап облыс пен ауданның өркендеуі жолында талай игілікті қызмет атқарды.
«Адам өз өмірінің – сәулетшісі десек сіз парасатты да тағылымды өмір жолыңызбен көпке үлгі болып, туған жеріміздің дамуы мен өркендеуі жолында сүбелі қызмет атқарып жүрген білікті де білімді басшысыз. Өзіңіз басқаратын аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі қаламыздың айшықты келбетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарып келеді. Сәулеті мен сәні жарасқан ғимараттар, қалаға ерекше көрік берген ескерткіштер – бұның бәрі сіздің еңбегінің жемісі. Сізге осынау үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыстарға басшылық жасап қана қоймай, жоғары деңгейден көрсеткеніңіз үшін алғыс білдіремін», - деді құттықтап сөз сөйлеген аудан әкімі Абзал Сансызбайұлы.