Әміржан Қосанов, саясаткер: «Дербес партия құрсам, оппозиция одан сайын ыдырап кетпей ме? Сол туралы да ойлап жүрген жайым бар...»

Сұхбат
11.06.2014, 13:48

 

- Әміржан аға, жақында Сіздің бұрынғы серіктестеріңіз тағы бір жиын өткізді. Сіз бұған әлеуметтік желіде бағаңызды беріп жатыр едіңіз. Сол жиын туралы пікіріңізді оқырманға толығырақ айтып берсеңіз. Жалпы, оппозицияда жүргендерден өз басым тың дүние күтуден қалдым. Сіз не түйдіңіз?

- Оппозиция қатарында 16 жыл жүргендіктен, әрі талай азаматтармен билікпен күрестің ащы дәмін бірге татқандықтан, бұл сұрағыңыз мен үшін қиын да ауыр сұрақ.

Әсіресе «бұрынғы серіктестеріңіз» деген сөзіңіз ауыр тиіп тұрғаны...

Өз басым кез келген қоғамдық бастаманы қолдауға дайынмын: демократиялық ұстанымға немесе оппозициялық позицияға монополия жоқ! Әрбір адамның не ұйымның толық қақы бар.

Бірақ «демократиялық күштерді біріктіру» талпынысы бүгінде саяси сипатпен бірге өте маңызды моральдық сипатқа ие болды. «Сиыр баққанда бірге едік, жаңғақ қаққанда бөліндік» демекші, кешегі бірегей ЖСДП «Азат» партиясын қақ бөлген, сөйтіп біріккен оппозицияға деген халықтың ыстық көңіліне өз қолымен мұздай су құйған ол адамдардың басқаларға «бірігейік!» деп ұран тастауына моральдық қақы бар ма? Мәселе сонда. Өкінішке орай, олар біреуін шақырса, екіншісін шақырмайды екен жиынына. Бұл саяси категориялармен емес, жекебас, пендешілік тұрғысынан ойлап, шешім қабылдайтын адамдардың әдеті.

Екіншіден, «дежавю» деген түсінік бар, яғни кеше болған нәрсе бүгін қайта көз алдыңнан өтіп жатқандай. Меніңше, біз, оппозиция, осыдан бірнеше жыл айтқан нәрсемізді қайталай бастаған сияқтымыз. Ұрандарымыз да ескі, әдіс-тәсілдеріміз де сол баяғы. Бір түрлі тоқырап қалғандаймыз. Оның бәрін көкірегі ояу, көзі ашық, апта сайын бізді тәуелсіз БАҚ-тан оқитын азаматтар да түсініп қалған секілді. Менің өзіме олар сондай кінә тағуда. Ол сынмен келісуге мәжбүрмін.

Біз сынап үйренген билік қана емес, қоғам да терең дағдарыста. Ал кез келген оппозиция – сол қоғамның ажырамас бөлігі. Сондықтан да қазіргі оппозиция да өз дағдарысын бастан кешіп жатыр деп мойындауымыз керек. Өз басым оппозицияда жүрген әрбір адамды аса қадір тұтамын, азаматтық позициясына, істеп жатқан ісіне сын айтудан аулақпын. Бірақ, жалпы оппозицияға қатысты айтылып жатқан сын-пікірлерге қосылмасқа амалым жоқ.

Қоғам және оның алдында тұрған мақсаттар уақыт өте өзгереді. Бір орнында тұрған ешнәрсе жоқ. Биліктің өзі де, байқап отырсаңыз, уақыт талабына сай өзгеруге тырысып жатыр. Сондықтан, біз, оппозиция да, заман талаптарына сай болып, уақытқа ілесіп отыруымыз керек. Керек десеңіз, биліктен бір қадам болса да, алда жүріп, күн тәртібіне мәселені өзіміз қойып отыруымыз қажет. Бірақ ол үшін біз бірге болуымыз керек! Өкінішке орай, қазіргі оппозиция жан-жаққа бытырап жатыр. Оған биліктің де өз үлесі бар деп санаймын.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі оппозицияға бес нәрсе жетпей жатыр: тың идеялар мен жаңа тұлғалар, қарқын мен табандылық, ең бастысы - бірлік!

Осыны мойындауымыз керек. Мойындау керек, бірақ мойымау керек! Өйткені кез келген дағдарыстың бір оң жағы бар: сол дағдарысқа жеткізген кемшіліктерден арылып, тың күшпен алға жылжи бастайсың! Оның үстіне алда парламент және президент сайлауы келе жатыр. Соған лайықты дайындалу – өзін демократ деп санайтын барша жұртқа, соның ішінде саяси ұйымдар мен жеке тұлғаларға сын!

- Қазақстанда партиялық жүйе қалыптасқан жоқ деген пікір басым. Сіз бірнеше саяси партияда болдыңыз ғой, айтыңызшы, расында солай ма?

- Тәуелсіз Қазақстан тұсында мен екі-ақ партияда болғанмын. Бірі – Әкежан Қажыгелдин және басқа әріптестермен бірге 1998 жылы құрған РНПК партиясы. Бірақ билік оны сотпен жауып тастады. Содан кейін Тұяқбай мырзамен екеуміз ЖСДП құрдық. Басқа партияда болған жоқпын.

Кез келген партиялық жүйе өркениетті даму үшін бір мықты фактор керек. Ол – шынайы бәсекелестік. Идеялардың, бағдарламалардың, сол партиялардағы жеке қайраткерлердің бәсекелестігі. Бізде ол жоқ. Бізде монополия, дәлірек айтсақ, «көппартиялық» емес, «біржарымпартиялық» жүйе. Яғни, «Нұротан» және оның жартыкеш саяси сателиттері

Қазіргі заңнама бойынша саяси партияның формальды ролі күшті, яғни Парламентке тек партия ғана бара алады. Елге танымал тәуелсіз тұлғалар парламентке бара алатын баяғы бір мандатты округтер жоқ. Сондықтан да осындай мықты механизмді билік өз уысынан шығармай, мейлінше өзінің мүддесінде пайдаланары хақ.

- Өткен сайлауда «алдарыңызды орап кеткен» «Ақжол» мен Коммунистік партияның парламенттегі қызметін қалай бағалар едіңіз?

- Сіз айтқандай қоғамда белгілі бір дәрежеде қолдауы бар оппозицияның «алдынан орап кетудің» екі жолы бар.

Бірі – ашық та әділетті жарыс арқасында өз бәсескелесін жеңу. Өкінішке орай, ол үрдіс бізде жоқ.

Екінші жолы – биліктің арқасында қосымша пайыз қосып алып, жасанды жеңіске қол жеткізу. Ол екі партия осы жол арқылы парламентке енген.

Олардың парламенттегі қазіргі қызметіне оң бағаны қайдан берейін? Сайлау науқаны кезінде билікке қатты-қатты сөз айтқан болып, «заңдарға өзгеріс енгіземіз, қарапайым халықтың, шағын бизнестің соыйылын соғамыз» деп әп-әсем сайрағаны есемізде емес пе әлі. Сол жалынды сөздері парламентке кіргеннен кейін сап тыйылды.

Оның себебі біреу ғана: ол партиялар шын мәнінде тәуелсіз емес, олар өздерін парламентке кіруге рұқсат берген биліктің ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ондай билікке жалтақтап сөз сөйлеген саяси тірі өліктер туралы басқа не айтуға болады енді?

- Ал 120-дан астам саяси партиясы бар Украинада билікке таласудың соңы елдегі тұрақсыздыққа әкелді деп ойламайсыз ба?

- Саяси өмірдің өз заңдары мен заңдылықтары бар. Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа. Сондықтан өз басым бір елдегі жағдайды екінші елге автоматты түрде көшіре салуға қарсымын. Оның үстіне Украинаның ішкі саяси ахуалы мүлдем басқаша.

Қазақстанға келсек, саяси жүйе толыққанды мәнге ие болуы үшін билікті қолдайтын партиялармен бірге олармен өркениетті түрде бәсекеге түсетін, балама бағдарлама ұсына алатын бірнеше партия болуы шарт. Қоғамда қандай идея бар – сол партия ретінде өз көрінісін табуы керек. Мәселен, бізге ұлттық құндылықтарды қорғай алатын, либералды, социал-демократиялық, центристік сипаттағы партиялар әбден қажет-ақ. Бірақ қазіргі кездегі партиялық құрылысты билік жоғарыдан қатаң реттеп отырған дәстүр өзгермей ондай ұйымдар дүниеге келе қоймас. Құрылып жатса, оны бәрібір билік тіркемейді ғой. Бұл дегеніңіз - барып тұрған саяси тұйық.

Сіз айтып отырған тұрақсыздыққа партиялардың көптігі емес, керісінше, бір ғана партияның үстемдігі әкеп соғады!

- Украинадағы жағдайдан кейін біраз адам биліктің осы уақытқа дейінгі жүрісін жоғары бағалады. Бірақ Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімнен кейін, оған дейін де халықтың біраз бөлігі наразы болды. Сіз боп, біз боп яғни қоғам болып Еуразиялық экономикалық Одаққа саяси мәселелерді араластырмадық деп айтуға бола ма, әлде бұл биліктің табандылығы ма?

- Алғашқы ойыңызбен келісе алмаймын. Керісінше, Украина оқиғалары кезінде билік дербес халықаралық позиция таныта алмады, Кремльдің ығынан шыға алмай-ақ қойды! Ол - факт!

Билік, сөзсіз, ЕЭО-ға қатысты ұстанымын қалың жұртшылыққа барлық медиа құралдары арқылы насихаттады. Бірақ, сол насихаттың өзі жемісті болды деп айта алмаймын: тым біржақты әрі қарсы пікірлерге тиісті жауап берілмеді.

Қоғам болса, жөнді қарсылық таныта алмады. Иә, Антиеуразиялық форум өтті, тәуелсіз БАҚ-та көптеген нәрсе жазылды. Бірақ оның бәрі жеткіліксіз болды деп санаймын.

Оның өзіндік себебі бар. Егер де осынау сын сәтте Қазақстан оппозициясы, ЕЭО-ға қарсы басқа да қоғамдық күштер бірігіп, бірлесе қимыл-әрекет еткенде ше? Мәселен, баршамыз жұмыла Алматыда бір үлкен митинг өткізгенде? Мейлі, ол әкімдік рұқсат берген жерде болсын, бәрібір. Бірақ, арамыздағы ырың-жырың осы аса маңызды мәселеге өз салқынын тигізді деп ашық айта аламын!

- ЖСДП-дан кеткенде Сізді жеке саяси партия құрады деп естідік. Бұл саяси жоба жүзеге аспай қалды ма, әлде уақытын күтіп жатыр ма?

- Партия құру оңай шаруа емес. Ол, алдымен, аса зор жауапкершілік. Және де ол тиісті идея, тәжірибе және серіктестермен бірге қыруар қаржыны қажет етеді.

Оған қоса, өмір бойы оппозицияның бірлігі туралы айтып келе жатқан менің дербес партия құруым сол бірлікке өз кесірін тигізбей ме деген ой да жоқ емес...

Бірақ та «партия құрыңыз» деп ұсыныс айтушылар көбейіп бара жатқаны да рас. Ондай ой мүлде жоқ десем, Сіз де сене қоймассыз (күліп). Оның үстіне қазір бізге ұлттық-демократиялық бағыттағы бір мықты партия керек-ақ. Сол ой төңірегінде ойланып жүрмін. Бірақ, ренжімеңіз, арық айтып, семіз шығайын...

- Қазір немен айналысасыз, кіріс көзіңіз не?

- Қазір жеке тұлға ретінде 1998 жылдан бастаған демократиялық бағыттағы саяси қызметімді жалғастырудамын. Ұстанған өмірлік принциптерім мен қағидаларым бар. Солардан бас тартқан жоқпын. Соларды қоғамда, азаматтардың санасына орнықтырудың жолдары көп қой. Сол жолдарды ұтымды пайдалануға тырысудамын.

Кіріс көзіне келетін болсақ, қолымда қаламым бар. Сол әрі қару, әрі нәпақа таптыратын құрал.

Сұқбаттасқан Жарқын Түсіпбекұлы

 

Сұхбат

PhotoRoom