2015 жылғы 9 желтоқсан күні сағат 12.00-де Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» қабылдау үйінде («Нұрсәт» шағын ауданы) Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында облыстағы 20 этномәдени бірлестіктің қатысуымен Қазақтың ұлттық тағамы «Ет асу» фестивалі өтеді. Бұл туралы ОҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі деп хабарлады.
Іс-шараға облыс әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, аудан, қалалардан арнайы шақырылған делегациялар мен БАҚ өкілдері, жалпы 300-ге жуық адам қатысады.
Өңірімізде тұңғыш рет өтетін «Ет асу» фестивалі барысында 20 этномәдени бірлестік 20 қой сойып, 20 қазанда арнайы ас әзірлейді. Этномәдени бірлестік өкілдері қазақтың ұлттық тағамын мейілінше сапалы дайындаудан, қонақтарға табақ тартудан, сорпаның құнарлылығынан және қой етін пісіру кезінде жылқының қазы-қарта, жал-жаясын ұтымды пайдалану сынды ерекшеліктерден сайысқа түседі. Дайындалған еттің бір бөлігі «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға таратылады.
Ортақ тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы арасында ырысты ынтымақ пен берекелі бірлікті барынша бағалауды ұстын еткен шара – достық пен этносаралық келісімді нығайтуды, қоғамдық келісім идеяларын жан-жақты насихаттауды және қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы құрмет көрсетуді көздейді.
Фестиваль аясында алтыбақан құрылып, киіз үйлер тігіледі, ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық ойыны – асық атудан және мақал-мәтел айтудан сайыс өткізіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласады. Қазылар алқасы жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттайды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған іс-шараны алдағы уақытта өңірімізде дәстүрлі түрде жалғастыру көзделуде.