Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Марк Муди, саясат және экономика бөлімінің консулы Тимоти П. О’ Коннормен кездесті. Бұл туралы қала әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Қос тарап әңгімелесу барысында екі ел арасындағы ынтамақтастық пен өзара әріптестік қарым- қатынас туралы пікірлесіп, ой бөлісті. Кездесуде қала әкімі америкалық делегаттарға жаңа заман талабына сай құрылатын «Shymkent Сity» заманауи тұрғын- үй ауданының жобалық сызбасымен таныстырып өтті.
Америкалық қонақтар шаһардың болашақ экономикалық даму бағытына оң баға беріп, қаланың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Бас консул Марк Муди қос елдің бірлескен іскерлік жобалары тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да үлкен мәнге ие екендігін айтып өтті. Қала басшысы шаһардың білім саласындағы жетістіктеріне тоқталып, әлемдік экономикадағы іскерік қарым- қатынастарда кеңінен қолданылатын ағылшын тілінің білім ұяларында тереңдетіп оқытылуы керектігін айтып өтті.
Өз кезегінде, қонақтар Шымкент қаласында бой көтеретін халықаралық үлгідегі аквапарк пен «Диснейленд» жобасына өз тарапынан қатысуға дайын екендігін жеткізді.