Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында вице- министр Владимир Божко өңірдегі жергілікті билік өкілдерімен кездесу өткізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу жайы мен қыс мезгіліне дайындық барысын пысықтады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыста өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 1685 нысанға тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жиырма жеті миллион 975 мың теңге айыппұл салынды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны болдырмаудың мақсатында департамент тарапынан көптеген насихаттық жұмыстар жүргізілген болатын. Мәселен, сегіз пресс- конференция мен брифингтер, сегіз видеороликтер түсіріліп, олар жергілікті телеарналардан көрсетілді.
Сонымен қатар, қырық мың плакат аймаққа таратылып, алпыс сегіз билборд көше бойларына ілінді. Сондай- ақ, Владимир Божко облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Облысқа екі күндік сапарымен келген вице- министр Шымкент қаласындағы «Достық» шағын ауданында орналасқан жаңа өрт сөндіру депосының ашылуына қатысып, Шардара суқоймасы мен «Көксарай» су реттегіші нысандарын аралау жоспарланып отыр.