ОҚО-да студенттер үйі пайдалануға берілді

Аймақ
21.12.2015, 23:54

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов пен өңір басшысы Б.Атамқұлов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің №9 оқу ғимаратының жанынан бой көтерген «Студенттер үйі» жатақханасының ашылу салтанатына қатысты. «Бүгін біз министрліктің қолдауымен облыс орталығында осы жылдың өзінде 2-ші студенттер үйінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл – студенттер үшін үлкен сыйлық деп білемін. Болашақ жастар жайлы және жақсы жерде өмір сүріп, білім алса, ол болашақта өз жемісін береді. Жаңа жатақхана құтты болсын! Біздің студенттер осында жақсы білім алып, ертең еліміздің дамуына өз үлестерін қоса берсін!», - деді облыс әкімі Б.Атамқұлов. Еске салсақ, 2012 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Білім және ғылым министрлігі «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Осы жылдар ішінде жаңа жатақханалардың құрылысы Президент бақылауында болды. Студенттер үйі 588 орынға шақталған.

Жалпы көлемі 9 398 ш.м. құрайтын жаңа секциялық түрдегі 5 қабатты жатақхана 2 және 3 орындық 232 бөлмеден тұрады. Жиһаздармен қамтылған әр секцияда душ бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, жатақханада 6 демалыс бөлмесі, оқу залы, жабдықталған компьютерлік сынып және жаттығу залы, тоқ плитасы мен 10 ортақ асхана бар. Республикалық бюджет есебінен салынған ОҚМУ жатақханасы 2015 жылы Қазақстанда ашылған жатақханалардың есебі бойынша жетінші ғимарат. Айта кетейік, 2016 жылы елімізде тағы 4 жоғары оқу орнының жатақханасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Сұхбат

PhotoRoom