Алихан Қанапия, Сыртқы сауда палатасы қызметкері: "Қазақстанда шығарылатын бес позициядан ғана Қытайға 65 млрд. долларға өнім сатуға болады"

Сұхбат
29.12.2015, 10:52

Алихан

- Алихан Құлымбетұлы, сізді банк қызметкері ретінде ғана танып келеміз, жалпы өзіңіздің қызметтік жолыңызды айтып өтсеңіз.

- Бұрыннан Тойота финанссервис секілді шетелдік банктерде қызмет атқарып келгем. Ал қазір Қазақстан сыртқы сауда палатасында қызметтемін.

- Дағдарыстың сыртқы саудаға әсері қандай?

- Ең бірінші, теңгенің құнсыздануына байланысты шетелден келетін тауар көлемі азаюы мүмкін. Сол сәтті икемді пайдаланып, өз өнімдерімізді шығаруды қолға алу керек.

- Доллардың көтерілуі қашанға дейін созылуы мүмкін?

- Қазақстан бюджеті мұнай бағаларына тәуелді.Қазіргі адамдар тек сауданы, алып-сатуды ойлайды, бұлай жүре берсе, бір күні сауда да жүрмей қалады, халықтың ақшасы таусылады, алым күші азаяды. Сол үшін “қазіргі тұтынушыларға «не сату керек?», «қалай сату керек?» дегендер жөнінде ойлану керек.

- Нақты қай салаларды дамыту керек?

- Бірінші-тағам өнекәсібі, сосын сыртқа шикізат емес, дайын өнімдерді шығаруымыз керек. Ауылда отырған шаруашылық иесі қаладағы тұтынушыға өнімін тікелей сата алатын механизмдер іздестіріліп жатыр. Марғұлан Сейсенбаевтың жобасы бойынша қаланың шетінде үлкен базар салынып,  шаруақожалық иелері өнімдерін өткізіп, сол жерде көтерме саудамен айналысатындар өнімді сата алатындай мекеме құрастыру ойластырылуда.

- Көрші Қытай, Бразилия секілді сырт мемлекеттерден жылына 43 млрд. өнім сатып алады екен, дәл осыны Алматы облысы үшін, Қарасай ауданы үшін  ұтымды бір мүмкіндік ретінде іске асырудың жолы бар ма?

- Біздің палатамыз зерттеу жасап, тағамдар жағынан Қазақстанда шығарылатын бес позициядан ғана Қытайға 65 млрд. долларға өнім сатуымызға болатындығын анықтады. Синь-зянь секілді екі-үш провинцияға өнім шығаруымызға болады.

- Олар қандай позициялар?

- Сұйықмайлар, ет, сүт өнімдері, дәнді дақылдар, сосын дайын тағамдар тәтті тоқаш, кәмпит секілді.

- Жүз миллион қытай халқын бері қарай көшіру жоспары бар екен. Олар келсе, Алматы облысы кәсіпкерлері нарыққа шығуға дайын болуы үшін кәсіпкерлерге қандай көмек көрсете аласыздар?

- Иә, Қазақстан шығаратын өнімдерге дәл қазір 65 млрд. долларлық бір нарық тұр. Логистика ойланып, Үндістанға өнім сатуды қарастыру керек. Ол 1,5 млрд. адам тұратын нарық. Оларға да көп нәрсені сатуға болады, мысалы, сұйық май, бидай болсын. Үндістан бидайды көп шығарғанмен, өзі сырттан бидай сатып алады. Мәселе сапада. Қазақстан сапалы бидай шығарады. Біз Қазақстаннан Қытайға өнім сатамын деген кәсіп иелерін алып баруға дайынбыз. Іс-сапармен барғанда Қытай жақтан Қазақстанның өнімдерін сатып алуға дайынмын деген адамдарды бір үстелдің үстінде отырып та жиі кездестіріп қаламыз. Сондай адамдармен кездестіріп, араларына көпір салып беруге ниеттіміз.

- Жаңа жылға Қаскелең халқы үшін, Қаскелең газеті үшін тілегіңіз.

- Жыл аяғында саудагерлер қанша пайда түсірдім, қанша зиян шектім дегендей есеп-қисап өткізеді. Есебіміз оңды болсын, келер жылда жаратушы елімізге тыныштық, бақ-береке берсін, отбасымызда тыныштық болсын, елімізді дамыған отыз ел қатарына кіргізуге бәріміз атсалысайық.

Сұхбаттасқан: Нұрсерік Ұлықпанұлы

Сұхбат

PhotoRoom