Кеше, 1 ақпан күні облыс әкімдігінде өңір басшысы Б.Атамқұлов Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян мырзамен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде екі жақты ынтымақтастық жайы сөз болып, агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тоқыма саласы мен жиһаз жасау, сондай-ақ, жоғары технологиялар саласындағы әріптестік мәселесі талқыланды.
Облыс әкімі мәртебелі мейманды Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Италия кәсіпкерлерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Италия Елшісі С.Раваньян өңірдің инвестициялық тартымдылығын атап өтіп, өзара тиімді әріптестікке дайын екенін жеткізді. Мұнан бөлек, Елші мырза «Қазақстандағы Италия мәдениетінің жылы» аясында екі ел арасында мәдениет саласында тәжірибе алмасып, Италияда қазақ мәдениетін дәріптеу іс-шараларының ұйымдастырылатынын хабарлады.
Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында италияндық елші «Шымкент-Цемент» АҚ зауытының жұмысымен танысып, «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы нысандарда болды. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенттерімен кездесті.
Айта кетейік, бүгін 1 ақпан күні сағат 19:00-де облыстық опера және балет театрында италияндық атақты композитор, шебер сырнайшы Мауро Маур мен пионинашы Франсуаз де Клоссенің концерті өтеді.