Сайлау-2016 сарапшылар көзімен

Рейтинг
11.03.2016, 12:32

Енді бір санаулы күндерден соң Мәжіліс пен Мәслихат депутаттығынан үміткерлердің арасында болып жатқан сайлау алды науқан аяқталады.  Осы ретте біз қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілерінен, саясаттанушылардан төмендегі сауалдар бойынша пікір білдіруін сұраған едік. Алдымен сауалдарға көз жүгіртейік:

1. Сіз елімізде саяси науқанның жүріп жатқандығын сезіне алып жүрсіз бе?

2. V шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары өздерін өздері мерзімінен бұрын таратып жіберу туралы не үшін ұсыныс жасады, есіңізде ме?

3. Сайлау алды науқан қоғамдық, бұқаралық сипат иелену үшін қандай болуы керек?

4. Сайлау алды жұмыстарының сүреңсіздігі саяси партиялардың саяси белсенділігінің төмендігімен қоса біздің елде саяси технологияның, саяси мәдениеттің, саяси ойдың жетілмегендігін де байқатпай ма, қалай ойлайсыз?

5. VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі депуттардың қанша пайызы «Нұр Отаннан», қанша пайызы өзге партиялардан болуы мүмкін? Болжам жасай аласыз ба?

Жоғарыдағы сауалдар бойынша олар былай деді:

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы:  

доскөшім

- Әрине. Саяси-қоғамдық өмірде жүргеннен соң, еліміздегі сайлау мәселесі менің назарымнан тыс қалмайды. Бірақ сайлау «дүбірі» қарапайым халықтың құлағына жетіп жатыр ма, бұл жағынан үлкен күмәнім бар...

- Есімде. Ол туралы cіздердің сайттарыңызда мақала да жарияладым. Олардың өздерін-өздері тарату туралы айтқан дәлелдері ешқандай сын көтермейді деп ойлаймын. Өкінішке орай, біздің елде «Парламент мынадай жағдайларда мерзімінен бұрын таратылады» деген заң талаптары жоқ. Меніңше, «келесі жылы әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз одан да төмендейді, сондықтан қиыншылық болмай тұрып, сайлауды өткізіп алғымыз келеді» деп, ашығын айту керек еді.

- Сайлауға деген сенім болуы керек. Ол үшін Қазақ елінде шын мәніндегі көппартиялық жүйе орнауы шарт. Сол түрлі саяси бағыттағы партиялардың бәсекелістігі арқылы жасақталған Парламент әділ сайлауды қамтамасыз ететін жаңа «Сайлау туралы» заңды дайындап, қабылдауы шарт. Ең бастысы, оңы мен солын білетін, саяси партияларға баға беріп, өздерінің таңдауларын жасай алатын сайлаушылар болуы шарт. Сайлау дұрысталғанда, жоғарыдағы айтқан «саяси технология», саяси мәдениет», «саяси ой» да жетіледі. Қазір оларға қажеттілік жоқ.

-Менің тастаған «құмалағым» бойынша билік партиясы 80 пайыздан кем орын алмайды. Ал қалған 20 пайыз 2-3 партияның еншісіне тиетін болар.

 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

расулжұмалы

Сезіп жүрген жоқпын деп айтсам айып етпеңіз. Көшелердегі кейбір плакаттардан өзге, пікір-сайыс бағдарламалар немесе партия жетекшілерінің теледебаттары деген сияқты сайлау алды іс-шаралардың бірін де көрген жоқпыз. Бәлкім, осы уақытқа дейін Қазақстанда өткізіліп келген сайлаулар секілді бұл жолы да  сайлау тып-тыныш, алдын-ала әзірленген сценарий бойынша өткізілетінін көрсетсе керек. Негізгі демократиялық қоғам орнату үшін осындай сайлау науқаны кезінде еліміздегі саяси партиялардың арасында аса бір белсенділік болуы керек. Мысалы, қазір АҚШ-та да сайлау өтіп жатыр. Ондағы үміткерлер арасындағы дискуссиялар, дебаттар халықтың сол үміткерге деген сенімін оятуда. Бізге дәл сондай саяси белсенділік керек. Өкінішке орай бізде барлығы бірсыдырғы ұйымдастырылып, билік басындағы партияның айқын басымдығымен аяқталады.

- Егер шынымды айтсам, мен мен осыны түсіне алмай қойдым. Бәлкім бұл биліктің қоғам белсенділігі оянбай, халық бас көтермей, дағдарыс, экономикалық қиындықтар ушығып кетпей тұрып парламенттік құрылымды, оның құрамын жаңадан жасақтап алуға талпынысы шығар. Онсыз да мерзімдері жыл соңында аяқталатын мәжілісті мерзімінен бұрын тарқатып, жаңа құрам жасақтау не үшін керек деген сұраққа  тоқталсақ бұл – биліктің өзіне-өзі сенбейтіндігін көрсетеді. Жоғарыда атап өткен мәселелер ушықтырып алмау үшін билік парламент құрылымын реттеп алуға дереу кірісіп отыр. Негізі сайлау не үшін өткізіледі? Әуелі халық жаңа сайлаудан жаңалық күтеді, өзгеріс күтеді. Жаңа депутаттарды сайлап, соларға сенім артады. Ал біздің елде бұл процесс мүлде басқаша. Халық сайлаудан еш нәрсе күтпейтіні анық. Негізі Қазақстанды қалыпты құбылыс саналып кеткендей, кез-келген сайлауды мерзімінен бұрын өткізу деген мәселе туралы айтсам, бұл біздің билік өзі Заңымызды құрметтемейтінін білдіреді. Өздері қабылдаған, өздері енгізген Заңды, Конституцияны өздері мойындамай, құрметсіздік көрсетіп отыр деп түсінемін.

- Ең алдымен демоктария болу керек. Қазақстандағы сайлау процессіне билік пен әкімшілік органдар мүлде араласпауы тиіс. Мысалы, мәслихатқа болса да, Мәжіліске болса да өтуге ниетті, үлкен маңызды проблемалардан түзілген бағдарламасы бар қаншама кандидатты Орталық Сайлау Комиссиясы  түрлі себеп-сылтаулармен өткізбей қоды. Мысалы, ОСК қазір Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясы сияқты өткір мәселелерді Парламентқабырғасында көтеруге құқылы партиялар мен азаматтық қоғам белсенділері әкімшілік ресурстық кілтипандар бойынша тіркемей отыр. Сондағы айыптаулар «жарна ретінде 50 теңге төлемеген» деген сыңайлы болмашы ғана дүниелер. Бұл өз кезегінде тырнақ астынан кір іздеумен пара-пар. Бұл нені білдіреді? Бұл – билікке өзінің дегенін істете алатын партияларды ғана сайлауға жібереді деген сөз. Осыған дейін «Нұр Отанның» көлеңкесімен жүріп-тұратын партиялар ғана Парламентке жіберіліп келген сияқты бұл жолы да дәл солай болады. Мысалы, сайлауға қатысушыларды Орталық Сайлау Комиссиясы тіркейді. Сайлау соңында барлық дауыстарды өздері санап, кім-қанша пайыз дауыс жинағанын жариялайды. Ал осы ОСК басшылығы мен құрамын кім тағайындайды? Және сол биліктің өзі. Демек бұл жолғы сайлауда да ешқандай өзгеріс болады деп ойламаймын.

- Әлсіз болатын себебі – бесекелестік жоқ. Демократия жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің елде демократиялық сайлау болмай, сайлау науқаны барысында және дауыстар санау кезінде ашықтық болмай жатып өзгеріс күту бекершілік. Орталық Сайлау Комиссиясы сайлауды ашық әрі демократиялық жолдарме өткізсін. Дауыстар санау процессі ашық жүргізілсін. Қазіргі жүйе бойынша, біздің елде сайлау көп партиялылық дегенді сақтап қалу үшін, бір-екі партияны «Нұр Отанмен» қоса жіберіп қойып, басым дауыспен билік басындағы партияны ұлықтау науқаны секілді өткізіледі.

- Бұл сайлаудың да нәтижесі бұлыңғыр ғой. Жұрттың басым бөлігі сайлауға барады, біреуге дауыс береді дегенге сену қиын.  Мысалы, мен өткен жолғы сайлау кезінде өзім эксперимент жасап көрдім. 100 адамнан сұрадым. Нәтижесінде мен сұраған 100 адамның ешбірі сайлауға қатыспаған. Кешке жақын жаңалықтардан сайлауға қазақстандықтардың 100 пайызы толық қатысты деді. Жаңағы айтқанымдай, ОСК дауыс санау процессін ашық өткізбейтін болса, қайтадан сол билеуші партия 90 пайызбен жеңіп, қалған партиялар өздеріне тиесілі 1-2 пайыздарын алып қайтады. Ал Парламентке қандай партиялар өтеді дегенге келсек, оны билік өзі шешеді. Биліктің сойылын соғатын, айтқанын бұлжытпайтын бір-екі партия қосымша дауыспен өтетіні белгілі.

 

Мақсат Ілиясұлы, қоғам белсендісі:

мақсатнұрыпбай

- Елімізде саяси науқанның жүріп жатқандығын сезініп жүрмін. Себебі сол науқанның ішінде өзімнің де жүргендігімнен болса керек. Биылғы кезекті кезектен тыс сайлауға өзім депутаттыққа кандидат болмасам да мен танитын, сыйлап, құрметтейтін бірнеше адам додаға түсіп жатыр. Солардың тілеуін тілеп, мәре басында тақым қысып отырған жәй бар.

- Депутаттардың өздерін өздері мерзімінен бұрын таратып жібергені, әрине, есімде. Ол бір өте сауатсыз әрі ебедейсіз жағдай болды ғой. Ең қызығы өздерін жұмыс істей алмадық, бұдан әрі жұмыс істей алмаймыз, сондықтан мерзімінен бұрын тарауымыз керек деген партиялар  кезекті рет кезектен тыс сайлауға тағы түсіп жатыр, сол қолдарынан ешнәрсе келмегенін мойындап мерзімінен бұрын Парламентті талақ еткен депутаттар  қайтадан партиялық тізімге үміткерлер ретінде еніпті. Бұл, әрине,  ұят нәрсе. Бірақ, ұяты болса ол депутаттар олай істемеген де болар еді ғой...

- Сайлау алды науқан қоғамдық, бұқаралық сипат иелену үшін саяси бәсекелестік болуы шарт. Шындығына келсек бұл жолғы сайлауда негізгі бәсеке тек  «Нұр Отан» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы арасында ғана болады. Себебі, қалған партиялар «Нұр Отанның»  филиалы, вассалы сияқты нәрсе ғой.

- Төртінші сұраққа келетін болсақ, мынаны айтар едім. Саяси технологияны біздің билік жақсы меңгерген, әсіресе, лас, әділетсіз технологияларды. Оның бір көрінісі «Нұр Отан» партиясының жетекшісі сайлау заңын бұзып, қызмет бабын пайдалана отырып мемлекет қаржысына өз партиясын насихаттап жатқанда, мәслихаттарға өзін-өзі ұсынған көптеген азаматтар декларациядағы тиындар айырмашылығы үшін сайлаудан шеттетіліп жатыр. Мысалы, Астана қаласынан Фатима Жандосова деген әріптесіміз қалалық мәслихатқа өзін-өзі ұсынды. Декларациясын тапсырды, үгіт парақшаларын шығарды, елмен кездесті. Жұмыс қызып бастағанда,  78 тиын дұрыс көрсетілмеген деп сайлаудан шығарып тастады. Ал декларация парақшасында тиынды көрсететін тор көздер қарастырылмаған. Осылайша билік адамдарды алдап, сол арқылы сайлаудан шығарып тастауда. Ол әділетсіздікті билік өзі тағайындаған  соттар арқылы да жеңе алмадық. Айта берсе  бұндай жайттар толып жатыр. Біздің демократиялық, құқықтық мемлекет боламыз дегеніміз алжығанның сандырағы ғана.

- Болжам дейсіздер ме?.. Сайлау әділ өтпейтін елді болжам жасау мүмкін емес. Осы уақытқа дейін қанша кезектен тыс сайлау өтсе, сонша әділетсіз сайлау болды. Сондықтан, билік басындағылардың басында не болып жатқанын білу мүмкін емес. Барлық дүние бір адамның көңіл-күйіне тәуелді болып тұрғанда билік партиясының өзі не боларын болжап, біле алмайды.

 

 Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:

мен

- 20-ақпанға ауған түннен бастап, үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткен болатын. Яғни, ресми телеарна эфирлерінен сол сәтте саяси жарнамалар берілмесе де, партиялар интернет ресурстарында сол түні-ақ жұмыстарын бастап кетті. Қазір күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілердегі саяси партиялардың ресми парақшалары мен интернет сайттарынан қаншалықты жұмыс істеп жатқанын бақылап отырамын. Демалыс күндері сауда үйлерінің алдарынан үнпарақтар таратып жүрген жастарды да жиі кездестіруге болады. Сайлау науқаны кезінде өзге қалаларға барып көрмедім, сондықтан Астанадан көрген білгеніммен бөлісіп отырмын. Осы 20 күннің ішінде саяси науқанның жүріп жатқанын теледидар көретін, көлікте радио тыңдайтын, интернеті бар әрбір адам сезінетін уақыт болды деп ойлаймын.

- V шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының  мерзімінен бұрын тарап  кеткендігі күні кеше ғана емес пе? Оны қалайша тез ұмытуға болады? Бұл сұрақтарыңыз астарлы сұрақ екен. Жауап беріп көрейін.

Сарапшылар 5 институционалды реформаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заңдар қабылдаған V шақырылым депутаттарының тарихи миссиясы аяқталғанын айтқан болатын, ал Парламент Мәжілісін тарату жөнінде ұсыныс айтқан үш партияның өкілінің уәжі «Қазіргі кезде уақыт жылдам әрі тоқтаусыз әрекетті қажет етеді. Жаңадан жүзеге асырылатын реформаларға жылдам кірісу үшін мәжіліс депутаттарының қызмет мерзімін уақтынан бұрын тоқтатып, қайтадан парламент сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтамыз» дегенге саяды. Және мәлімдеме жасаған үш партияның өкілі де жақсы таныс, олар дәл қазір өз партияларының атынан үміткер боп жүр.

- Сайлау алды науқан бұқаралық сипат иелену үшін қандай болуы керек дейсіздер ме? Саясатта «Сайлаудың аяқталатын тұсы бар, ол – дауыс санап түгескен кез. Бірақ, сайлаудың қай кезде басталатынын нақты уақыты жоқ» деген тәмсіл бар. Яғни, қай партия болмасын кез келген уақытта сайлауға әзір болу керек. Бұл – бір. Екіншіден, уақыт қажет. Үшіншіден, жаңа саяси технологиялар қолданылу керек.

- Төртінші сұрақтарыңызға келер болсақ, бұл былай: АҚШ-тағы Президент сайлауы біздегі Парламент сайлауымен қатар келіп жатыр. Көпшілік біздегі сайлауды сол АҚШ-тағы сайлау науқанымен салыстырады. Әрине,  олармен салыстыратын болсақ, деңгей әлдеқайда төмен. Апта сайын тек сол сайлауға қатысты түрлі сараптамалық бағадарламалар көрсетіліп жатыр. Саяси ойды жетілдіруге осындай дүниелер ықпал етеді. Біздегі телеарналардан саяси салмақты хабарларды емге таппайсыз. Керісінше, телеэфир шоу-думандарға толы. Бітпейтін ән кештері. Бұлардың бәрі халықтың ойлануына мұрша бермейді. Бұдан кейін саяси мәдениет туралы айтудың өзі артық сияқты.

- Болжам жасай аласыз ба?.. Қай кезде болмасын саяси болжам жасау қиын. Дегенмен, Парламент сайлауына қызығушылық Президент сайлауына қарағанда төмен болып келеді. Себебі түсінікті де. Біз президенттік басқарудағы мемлекетпіз. Халықтың көпшілігі әлі күнге дейін мажоритарлық (бір мандатты) және пропорционалды сайлау жүйесін толық ажырата алмайды. 2007 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін біз сайлаудың пропорционалды жүйесіне көштік. Сол жылдың тамыз айында өткен Парламент сайлауына электораттың 64,56 пайызы ғана қатысқан екен. Ал, 2012 жылдың қаңтарындағы сайлауда 75,45 пайыз дауыс беруші тіркелген. Биыл дауыс берушілер 80 пайыздың о жақ, бұ жағында болатын сыңайлы. Биыл кемінде 4 саяси партия парламентке өтетін шығар. V шақырылымдағы үш партия халыққа танылып қалды. Төртінші орын үшін қалған үш партия таласатын сияқты.

Abai.kz 

Тегтер:
Сайлау 2016

Сұхбат

PhotoRoom