Облыс әкімі атанған қала басшылары жайлы деректер

Рейтинг
28.03.2016, 12:39

Saigez.kz қала әкімдерінің қимылын қалт жібермейді. Оны мына жерден қарауға болады. Олардың өзара рейтингін жасау дәстүрі бар. Бізде облыс әкімдерінің іс-әрекетіне баға беру қалыпты жағдай. Алайда, облыс орталықтары әкімдері көп жағдайда көзге ілінбей жатады. Қаланы абыройлы басқарған азаматтардың кейбіріне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс тізгінін сеніп тапсырған кездер аз емес. Яғни, қала әкімі болу – үлкен қызметтер алдындағы берекелі баспалдаққа айналып келеді. Саяси карьерадағы трамплин десек те болады. Ел азаматтары үшін де, туристер үшін де алғашқы әсер облыстарымыздың орталық қалалары арқылы қалыптасатынын естен шығармауымыз қажет.

Соңғы 6 айдың ішінде бұған дейін Талдықорғанды басқарған әкім Ермек Алпысовтың Астанаға қызмет ауыстырып, жоғарылап кеткен жайы бар. Оның орнына бүгінде белсенді жұмыс атқарып жүрген Бағдат Қарасаев келгені белгілі.

Ақтөбе қаласының әкімдігіне Бекбол Сағын тағайындалды.

Қала әкімі болу үлкен қызметтер алды баспалдақ екеніне күні кеше облыс әкімдері болып тағайындалған Болат Бакауов пен Алтай Көлгіновтерді тағайындау туралы Елбасының Жарлықтары дәлел.

2016 жылдың алғашқы 3 айын қорытатын болсақ, қала әкімдігінен облыс басшысы қызметіне көтерілген қос азаматты ерекше атап өтуге болады.

Алтай Көлгінов – Батыс Қазақстан облысының әкімі.

5794_1084275988278387_5872339809177422327_n

Бұрынғы қызметі туралы көп жазылып жатса да, қысқаша анықтама:

Еңбек жолын 2001 жылы Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, прокуроры болып бастады. 2002-2003 жылдары – осы комитеттің құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасының прокуроры.

2003-2007 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2007-2008 жылдары – ҚР Әділет министрлігінің заң актілерін жасақтау және талдау басқармасының бастығы.

2008-2010 жылдары – «АлашМедиаГрупп» ЖШС бас директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары.

2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2012 жылдың 8 ақпанынан бері БҚО әкімінің орынбасары.

2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі болды.

2016 жылдың 26-наурызынан бастап БҚО әкімі.

ОРАЛ ӘКІМІ ТУРАЛЫ ОН ДЕРЕК

Соңғы қызметі жайлы Saigez.kz сайты біраз мәлімет берген болатын. Дегенмен қорыта келе, Алтай Көлгінов жайлы 10 дерек ұсынамыз.

1. Ол қала әкімі болғанда шаһардағы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы 98,1 % дейін артты.

2. Қала бюджеті 2016 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша 26,5 млрд теңгеге жетті.

3. Оның кезінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 56,6 млрд. теңге болды.

4. Соңғы үш жылда қалаға 87,8 шақырым жол төселіп, жалпы құны 8,8 млрд. теңге болатын 44 көше жөнделген.

5. Ол Орал қаласы әкімінің блогына 3 жылда келіп түскен мыңға жуық сауалдар мен өтініштерге жауап берген. Нақтырақ айтар болсақ, келіп түскен 980 сауалға уақытында жауап берген.

6. Оның кезінде қала әкімдігі әлеуметтік медиаға көңіл бөлді. Твиттер, фейсбук, ютуб, VK және инстаграм әлеуметтік желілерінде халықпен тығыз байланыс орнатты.

7. Қала әкімшілігінің аккаунттарына 25 мыңға жуық адам жазылған. 288 мың халқы бар қала әкімдігі үшін жақсы көрсеткіш.

8. Ол – «Болашақ» түлектерінің ішіндегі ең алғашқы қала және облыс әкімі.

9. Көлгінов қала әкімі кезінде Шаған өзенінің оң жағалауын игеру туралы бастама көтерілді.

10. Оның облыс әкімі ретіндегі қызметінің алғашқы 100 күндігі 5-шілдеге, Астана күні мерекесіне сәйкес келеді.

БАҚАУОВ ЖАЙЛЫ БЕС ДЕРЕК

Болат Бақауов – Павлодар облысының әкімі

Болат Бакауов

1. Саяси қызметінің уақыты – 8 жыл. (2008 жылдың желтоқсан айы мен 2011 жылдың қазан айлары арасында Павлодар облысы, Қашыр ауданының әкімі болды. 2011-2014 – Павлодар облысы, Ақсу қаласының әкімі. 2014-2016 – Павлодар қаласының әкімі)

2. Павлодар қаласының әкімі ретінде блогына келіп түскен 3160 сұрақ, өтініш, арыздарға жауап берген.

3. Оның кезінде қалалық әкімшілік әлеуметтік желілермен жұмысты қолға алды. Фейсбукте тұрақты ақпарат таратылса, қаладағы кез келген проблема бойынша тұрғындар WhatsApp желісінде +7 775-383-18-51 нөмірі арқылы әкімге тікелей хабарлай алатын мүмкіндік туды.

4. Алғаш рет қалада тәулігіне бүйрек жетімсіздігі бар 100-ге жуық пациентті қабылдауға қауқары бар «BB NURA» бірегей нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды.

5. Көрші елдің шекаралас өңірімен үзіліп қалған байланысты жандандырды. Соңғы рет Омбымен байланыс 2007 жылы жасалған екен.

Сұхбат

PhotoRoom